Бүгін Шымкент қаласында этнос өкілдерінің балалары арасында қазақ тілін ілгерілетуге бағытталған республикалық «Мың жүйрік» ағартушылық жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Бұл игі бастама жас ұрпақтың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыруды, қазақ тілін жетік меңгерген дарынды балаларды анықтауды және олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға жағдай жасауды мақсат етеді. Жоба аясында қатысушылар қазақ тілін меңгеру деңгейі мен шығармашылық қабілеттерін бейнеролик және эссе форматында көрсетті. Биыл байқауға еліміздің жеті аймағынан жүзге жуық өтінім қабылданып, қатысушылардың еңбегін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады.
Марапаттау рәсіміне Шымкент қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Иманалы Байдаулетов, қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, сондай-ақ Ассамблея жастары қатысты.
– Аталған жобаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретінде мәртебесін ілгерілетуді көздеген бастамасы негіз болды. Байқау 5 бағытта өрбіді. Бақ сынаған балалар мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлеп, түрлі шығармалардан үзінділер оқып, қазақ тілін жетік меңгергенін дәлелдеді. Біз еліміздің мемлекеттік тілін дәріптеп, насихаттауға бағытталған байсалды бастамаларды қолдауға әрдайым дайынбыз! Ойын қазақша еркін жеткізетін, мемлекеттік тілден мүдірмейтін балалардың бүгінгі жеңістері өмірлік толағай табыстармен жалғаса бергей – деді Иманалы Оспанұлы.
Салтанатты жиында жеңімпаздарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Жиналғандар жас тіл жанашырларының өнері мен талпынысын жоғары бағалап, олардың қазақ тілін дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Шара соңында қатысушылар жобаның жастар арасында тілге деген қызығушылықты арттырудағы маңыздылығын атап өтіп, мұндай бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.