Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен табиғи апаттың салдарын жою және алдын-алу жұмыстары бойынша жиын болып өтті. Отырыста қалалық Төтенше жағдай департаментінің бастығы Нұрболат Дербісов жауын-шашын салдарынан таудан келген судан Елтай тұрғын алабында жарамсыз хәлге түскен үйлер жоқ екенін мәлім етті.
Оның айтуынша, тасқын су 38 үйді зақымдаған. Алайда, ол баспаналар тек ағымдағы жөндеу жұмыстарын талап етеді. Мұнан бөлек 12 қора-қопсы құлаған. Құлаған нысандардың құжаты болмағандықтан, қораға мемлекет тарапынан өтемақы төленбейді. Сондай-ақ, екі бас ірі қара мал суға ағып кеткен.
Жиында сөз алған қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр су тасқынының салдарын анықтау және келтірілген шығын көлемін есептеу жұмыстары арнайы құрылған комиссиямен әлі де жүретінін атап өтті.
«Мамыр айының 13-нен 14-не қараған түні 40 минутта жарты айлық жауын жауған. Соның нәтижесінде, Бадам өзені арқылы өткен су мөлшері секундына 146 текше метр болыпты. Яғни, су орта қалыпты жағдайдан жеті есе көп болған. Қазір болса, секунтына 49 текше метр су өтіп жатыр. Бұл дегеніміз, өзен суы төмендеп жатыр дегенді білдіреді. Қаладағы жағдайға байланысты ауылшаруашылығы, энергетика басқармасымен қаладағы қауіп төндіреді деген жерлерді анықтап шықтық. Соған байланысты, 4 ауданның әкімдеріне тапсырма берілді. Мәселен, Абай ауданы Бадам өзенінің жағалауын бекіту бойынша қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр»,- деді Ербол Садыр.
Айта кетейік, ауа-райын болжаушылар Шымкентте алдағы күндері де жауын-шашын болатынын айтады. Сол себепті, қала басшылығы тарапынан сақтық шаралары күшейтіледі.