Ұлттық волонтерлік желі жаңа Конституция жобасын қолдайтынын мәлімдеді

Бүгін Астана қаласында Ұлттық волонтерлік желінің ұйымдастыруымен «Жаңа Конституция жобасын талқылау және қолдау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен волонтерлік ұйым өкілдері, өңірлік фронт-офистер, бастамашыл топтар мен серіктестер офлайн және онлайн форматта қатысты.


Кездесу барысында волонтерлік сектордың конституциялық реформаны талқылауға қатысуы, үкіметтік емес ұйымдардың халықты ақпараттандырудағы рөлі, қоғамдық диалогты дамыту және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері сөз болды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, Ұлттық волонтерлік желі ЗТБ төрағасы Вера Ким жаңа Конституция жобасын әзірлеуде азаматтық қоғамның белсенді қатысып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, жоба бойынша алты ай ішінде азаматтар мен қоғамдық ұйымдардан шамамен 4 мың ұсыныс түскен. Бұл қоғамның саяси үдерістерге белсенді араласа бастағанын көрсетеді.

Сондай-ақ ол жаңа конституциялық институт — Халық кеңесін енгізу қоғамдық қатысуды нығайтатын маңызды қадам екенін айтты. Бұл тетік арқылы азаматтар заң шығару үдерісіне бастама көтеру мүмкіндігіне ие болады.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев жаңа Конституцияның жастар үшін маңызына тоқталып, адамға бағдарланған мемлекет қағидаттары жастардың дамуына кең мүмкіндік беретінін жеткізді.

Ал «Медициналық жастар» РҚБ төрағасы Абылайхан Әбдіраш Конституция жобасының әлеуметтік және медициналық аспектілеріне назар аударды. Оның айтуынша, құжатта адам өмірі мен денсаулығын қорғауға басымдық берілуі денсаулық сақтау саласын дамытуға берік құқықтық негіз қалайды.

Шара қорытындысында Ұлттық волонтерлік желі волонтерлік қауымдастық атынан жаңа Конституция жобасын қолдау жөніндегі үндеуді жариялап, қазақстандықтарды ел болашағына бейжай қарамай, реформаны қолдауға шақырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *