Шымкент қаласында медицина ұйымдарының басшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған жиын өтті. Маңызды басқосуға басқарма басшысы Қайрат Қалибеков, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Әбдезов, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының жетекші мамандары қатысты.

Кездесу барысында жаңа Конституция жобасы медицина саласының өкілдеріне кеңінен таныстырылып, оның мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы рөлі жан-жақты талқыланды. Қатысушылар құжаттың ел дамуының жаңа кезеңіне сай әзірленгенін атап өтті.
Жиынға қатысушылардың пікірінше, жаңа Конституция жобасы қоғам сұранысына негізделген, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық дамуға бағытталған маңызды құжат болып табылады. Әсіресе, денсаулық сақтау саласына қатысты нормалар медицина қызметкерлерінің ерекше назарын аударды.

Талқылау барысында Конституция жобасының 32-бабына, яғни азаматтардың денсаулығын сақтауға құқығы мен оны іске асыру тетіктеріне айрықша мән берілді. Жобаға сәйкес, азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтары екі негізгі бағытта қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, заңда белгіленген көлемде тегін медициналық көмек алу құқығы сақталып, сондай-ақ заңнамада көзделген тәртіппен ақылы медициналық қызметтерді пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.
Қалалық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Гүлнар Құрманбекова жаңа Конституция жобасындағы өзгерістердің әлеуметтік маңызына тоқталып, медицина қызметкерлерін жобаны қолдауға шақырды.
– Азаматтардың медициналық көмек алу құқығы бұрынғыдай заңда белгіленген көлемде сақталады. Ұсынылған өзгерістер әлеуметтік кепілдіктерді нақтылап, оларды құқықтық тұрғыдан нығайтуға бағытталған. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуына оң серпін береді, – деді ол.
Сонымен қатар, жиында жаңа Конституция жобасының адамға бағдарланған құжат екені ерекше атап өтілді. Онда адам құқықтары мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалған. Денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларына ерекше мән берілуі де осы бағыттың нақты көрінісі екені айтылды.
Қорытынды сөз сөйлеген Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Әбдезов жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе жан-жақты зерделенгенін атап өтті.
– Көптеген мемлекеттерде азаматтардың медициналық көмекке құқығы конституциялық кепілдіктер мен салалық заңнаманың үйлесімі арқылы қамтамасыз етіледі. Қазақстан да осы озық тәжірибені негізге алып отыр. Ұсынылып отырған өзгерістердің басты мақсаты – денсаулық сақтау саласының құқықтық негізін күшейту, қолданыстағы әлеуметтік кепілдіктерді сақтау және медициналық көмектің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету. Жаңа Конституцияда денсаулық сақтау мемлекеттің азамат алдындағы негізгі жауапкершіліктерінің бірі ретінде айқын бекітіліп отыр, – деді ол.
Жиын қорытындысында медицина саласының өкілдері жаңа Конституция жобасы азаматтардың денсаулық сақтау құқығын қорғауға, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға оң ықпал ететініндігін атап өтіп, жаңа Ата заң жобасына қолдау білдірді.