Шымкент қаласындағы «Көктем» базарында «Ауыл» партиясы қалалық филиалы аппарат төрағасының орынбасары Әл-Фараби Мыңбаев тұрғындар және кәсіпкерлермен кездесті. Жиында алдағы конституциялық өзгерістердің мәні мен мазмұны түсіндірілді.

Спикер Ата Заңға енгізілетін түзетулердің мемлекеттік басқаруды демократияландыруға бағытталғанын атап өтті. Парламент өкілеттігін күшейту, шешім қабылдау үдерісін ашық ету және суперпрезиденттік үлгіден арылу мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, мемлекеттік тіл мәртебесі өзгеріссіз қалатыны және азаматтардың «Е-өтініш» платформасы арқылы ұсыныс білдіре алатыны айтылды.
Кездесу соңында спикер жиналғандарды ақпараттық сауаттылық танытуға және заң жобасының мәтінін мұқият оқып шығуға бағыттады. Ә. Мыңбаев «Егемен Қазақстан» газеті мен ресми мемлекеттік сайттарда жарияланған әрбір тармақтың азаматтардың күнделікті өміріне, құқықтық қауіпсіздігіне және мемлекеттің тұтастығына тікелей қатысы бар екенін түсіндірді. Ол халықты іштен ірткі салатын арандатушылық әрекеттерден сақ болып, мемлекеттік маңызы бар құжатқа құқықтық тұрғыдан сауатты қараудың маңыздылығын жеткізді.
Кездесу соңында жиналғандар заң жобасын ресми дереккөздерден қарап, ақпараттық сауаттылық танытуға шақырылды. Реформа елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған стратегиялық қадам екені атап өтілді.