Түркістан облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты өңірлік коалиция құрылды. Бұл бастама конституциялық реформаларды қолдау және оларды халыққа кеңінен түсіндіру бағытындағы жүйелі жұмыстың маңызды кезеңі саналады.

Өңірлік коалиция құрамына бес саяси партияның облыстық филиалдары, қоғам қайраткерлері, заңгерлер, мәслихат депутаттары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар енді. Жалпы саны 457 мүше барлық аудан-қалаларда түрлі әлеуметтік топтармен 1959 кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Негізгі мақсат – конституциялық реформалар аясындағы жаңа құқықтық нормаларды тұрғындарға жан-жақты түсіндіру.
Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат төрағасы әрі өңірлік коалиция төрағасының орынбасары, Конституциялық реформа жөніндегі кеңес мүшесі, жаңа Конституция жобасының ұсынылуы елдің саяси және құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи шешім екенін атап өтті. Оның айтуынша, реформалардың мазмұнын халыққа түсінікті түрде жеткізу – алдағы негізгі міндет. Бұл қадам қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, азаматтық жауапкершілікті нығайтуға ықпал етеді.

Жиында сондай-ақ «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев Жалпыұлттық коалицияның құрылуы қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдырудың көрінісі екенін айтты. Ал партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева жетекші қоғамдық-саяси күштердің бірігуі жаңа Конституцияға деген жауапкершілікті көрсететінін жеткізді.
Штаб мүшелері – Қазақстан Халықтық партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Искак Ахметов пен Халықаралық туризм және меймандостық университетінің профессоры Сәбит Баймахамбетов – реформалар қоғам сұранысынан туындағанын, олардың бәсекеге қабілетті әрі заманауи мемлекет құруға негіз болатынын атап өтті.

Бүгінде облыста 1 миллион 195 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Алдағы референдумды қолдау және үйлестіру мақсатында партия филиалдары жанынан 18 өңірлік коалиция құрылған. Олардың құрамына «AMANAT», «Ауыл», «Ақ жол», «Қазақстан Халықтық партиясы» және «Respublica» партияларының өкілдері енген.
Өңірлік коалицияның құрылуы – конституциялық реформаларды кеңінен насихаттау мен түсіндірудің тиімді тетігі. Алдағы кезеңде коалиция мүшелері халықпен ашық диалог жүргізіп, жаңа құқықтық нормалардың мәні мен мазмұнын жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жалғастырады.