Түркістан облысында 780 414 зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақы алушы бар. Оның ішінде, 207 386 азамат жасына байланысты зейнетақы алушы болса, 190 348-і базалық зейнетақы алушы және 382 680 азамат жәрдемақы алады. Бұл туралы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Бегман Нұрмаханов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Департамент тарапынан 2025 жылы әлеуметтік қорғау саласы бойынша 183 520 мемлекеттік қызмет көрсетілді. «Е-макет» жүйесі арқылы барлық тағайындалған әлеуметтік төлемдер саны — 332 352. Оның 149 020-ы жаңадан тағайындалғандар, ал 183 332-і қайта қаралып бекітілгендер. Түркістан облысы бойынша 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы және жәрдемақыларды арттыру жұмыстары толық жүргізіліп, төлемге жолданды. Жасына байланысты зейнетақы 10%-ға көбейді, ал базалық зейнетақы төлемі күнкөріс деңгейінің жаңа мөлшеріне байланысты көбейді» — деді спикер.
Сонымен қатар, Бегман Жамалбекұлы өткен жылы облыс бойынша мүгедектігі бар адамдардың саны 102 931-ге жеткендігін айтты. Бұл республика бойынша жалпы мүгедектер санының 13,7%-ын құрайды. Мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 15 559-ы (15,2%) — балалар болса, қалғаны 87 372-і (84,8%) — 18 жастан асқан ересектер. Сондай-ақ, 7 089 адам алғашқы рет мүгедек болып танылған. Департамент тарапынан халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамалардың сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу жұмыстары да жалғасып келеді. Бұл бағыт бойынша бүгінгі таңға дейін 114 тексеру жүргізілген. Тексеру қорытындысымен жалпы 64 нысанға 11 млн 911,3 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, оның 10 млн 911,3 мың теңгесі өндірілген.