Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен шағын және орта бизнес субъектілерін дағдарыс жағдайында қолдау мәселелері бойынша жиын болып өтті. Келелі кеңеске қалалық кәсіпкерлік және индустриялды-иновациялық даму басқармасының басшысы Б.Дүйсебеков дағдарысқа қарсы шаралар жобасын «қолтықтай» келген екен. Таныстырды.
Түсінгеміз, дағдарыс нәтижесінде неғұрлым зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін қалпына келтіру және жаңа кәсіпорындар құру үшін мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жеңілдетілген несиелер беру қаралып отыр. Кәсіпкерлердің несиелерін қайта қаржыландыру да сөз болды. «Жобада микроқаржы ұйымы мен «Бизнес үшін үкімет» орталығын құру және кәсіпкерлік субъектілерін сервистік қолдау шаралары қарастырылған»,-деді басқарма басшысы.
Өз кезегінде қала басшысы Шымкент қаласында енгізілген карантиннің нәтижесінде қиын жағдайға түскен кәсіпкерлерді қолдауға арналған дағдарысқа қарсы шараларды қолдайтынын айтты. М. Әйтенов әзірше қағаз жүзінде тұрған тиісті жұмыстарды жүзеге асыру үшін бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
«Шымкент қаласында заңға сәйкес Әкімдік пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлескен Микроқаржы ұйымы құрылып, оның жарғылық капиталын қалыптастыруға тиісті қаражат бөлінуі керек. Сонымен бірге жергілікті кәсіпкерлерді өңірлік бағдарлама аясында пайыздық мөлшерлемесі төмен несиемен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1,0 млрд. теңге бөлу қарастырылу қажет. Сондай-ақ, дағдарысқа ұшыраған кәсіпорындарды және жаңа кәсіпорындарды ашуға бағытталған жобаларды 4% пайыздан аспайтын несиемен қаржылай қолдау көрсетілсін. Жаңа Өңірлік бағдарламасының жобасы, ережесі, шарттары әзірленіп кәсіпкерлерге ұсынылсын»,-деді М.Әйтенов.
Айта кетейік, кәсіпкерлікті қолдау шаралары шеңберінде 725 жобаға жеңілдетілген несиелер ұсыну арқылы 3760 жұмыс орын сақталып, 940 жаңа жұмыс орындары құрылатын болады. Ал жұмыспен қамту бағдарламарын жүзеге асыру нәтижесінде 15 233 адам жұмыспен қамтылып, кәсіпкерлік сауаттылықты арттыру бойынша 12 200 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылатын болады. Біз іске сәт дейміз!
Bozyq.kz