Шымкентте «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі өтті

Шымкентте Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің ұйымдастыруымен «Хроникадан болашаққа» атты республикалық кинолекторий өтті. Президент Телерадиокешенінің 30 жылдығына орай қолға алынған жоба отандық деректі фильмдерді насихаттап, ел тарихындағы маңызды кезеңдерді көрерменге кеңінен таныстыруды көздейді.

Кинолекторий барысында көрермендерге «ARAL» және «Қуатты серіктес» деректі фильмдері ұсынылды. «ARAL» туындысында Арал теңізіндегі балық шаруашылығына өмірін арнаған Күнтуған Тұрғынбаевтың тағдыры арқылы теңіздің өткені мен бүгінгі тынысы суреттеледі.

Ал «Қуатты серіктес» фильмі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары мен екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің дамуын баяндайды.

Іс-шараның ашылуында ҚР Президенті Телерадиокешені Деректі кино орталығының директоры Ақылбек Шалжанов жобаның маңыздылығына тоқталып өтті.

– Бұл тек фильм көрсетумен шектелетін жоба емес. Негізгі мақсатымыз – көрерменмен ашық пікір алмасып, тарихи кезеңдерді деректі кино арқылы жеткізу. Президент Телерадиокешені 30 жыл бойы Тәуелсіз Қазақстанның бейнежылнамасын қалыптастырып келеді. Бұл – келер ұрпақ үшін баға жетпес мұра, – деді ол.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек те деректі фильмдердің қоғамдағы рөліне назар аударды.

– Көп жағдайда ресми сапарлар мен тарихи оқиғалардың мәніне терең үңіле бермейміз. Осындай фильмдер сол үдерістердің шынайы мазмұнын ашады. Президенттің Арал мәселесіне және еңбек адамдарына айрықша көңіл бөлуі – ел болашағына деген жанашырлықтың көрінісі, – деді ол.

Айта кетейік, фильмдер Президент Телерадиокешенінің Деректі кино орталығында түсірілген. Көрсетілімге орталық мамандары арнайы қатысып, көрермендермен еркін форматта сұхбат құрды.

Кинолекторийдің екінші күні «Серт» және «Travel Kazakhstan» деректі фильмдері көпшілік назарына ұсынылады. Жалпы, «Хроникадан болашаққа» жобасы еліміздің 20 қаласын қамтиды. Көрсетілімдер өңірлік әкімдіктердің қолдауымен ұйымдастырылып, тұрғындарға тегін ұсынылуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *