Шымкентте ерекше қамқорлық пен жылылықты қажет ететін бүлдіршіндердің жүзіне күлкі үйірген ізгі іс-шара ұйымдастырылды.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында қалалық білім басқармасының бастамасымен және демеуші ұйымдардың қолдауымен «Балаларға шаттық сыйлаған жарқын күн» атты қайырымдылық акциясы өтті.
Мерекелік шара «Shymkent CITI MALL» сауда ойын-сауық орталығында ұйымдастырылып, кішкентай қонақтарға ұмытылмас сәттер сыйлады.
Шара аясында балалар арнайы ұйымдастырылған киносеансты тамашалап, қызықты фильм кейіпкерлерімен бірге әсерлі сәттерге куә болды. Сонымен қатар, ойын-сауық орталығының түрлі аттракциондары мен танымдық ойын алаңдарында асыр салып ойнап, өзара достық қарым-қатынас орнатты. Балалардың қуанышты күлкісі мен көтеріңкі көңіл-күйі мерекенің әр сәтін ерекше әсерге бөледі.
Мерекелік бағдарламаның соңында бүлдіршіндерге демеушілер атынан тәтті сыйлықтар мен естелік тартулар табысталды. Әр балаға көрсетілген ықылас пен қамқорлық олардың жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырды. Балалардың жүзіндегі шаттық пен ризашылық сезімі ұйымдастырушылар мен демеушілер үшін ең үлкен марапат болды.
Мұндай қайырымдылық акциялары балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғамда мейірімділік, жанашырлық және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді. Әсіресе, ерекше қолдауды қажет ететін бүлдіршіндердің өміріне қуаныш сыйлау – барша қоғамның ортақ міндеті.
Шымкент қалалық білім басқармасы аталған шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен барлық демеушілерге, меценаттарға және серіктес ұйымдарға шынайы алғысын білдіреді. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасып, балалардың бақытты балалық шағын қамтамасыз етуге өз үлесін қоса береді.