Шымкенттегі оң өзгерістер қала келбетін жаңа деңгейге көтереді

Шымкент бүгінде үлкен құрылыс алаңына айналғандай. Қала көшелерін аралай жүріп, заманауи мегаполиске тән қарқын мен өзгерістерді анық байқауға болады.

Тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатындағы инфрақұрылымдық жобалар бұл күндері жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Әлеуметтік және жол-көлік жүйесін дамыту бағытындағы маңызды нысандарда жұмыс қызып тұр.

Ең алдымен көзімізге түскені жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне жасалған қадамдар болды. Мәселен, Ә.Жангелдин көшесінің бойында жаңа аяқжол салу жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл жоба қала тұрғындарының, әсіресе балалар мен қарттардың күнделікті қатынауына үлкен жеңілдік әкелетіні сөзсіз. Құрылыс басындағы жауапты мамандар сапа талаптары мен заманауи стандарттарға ерекше мән беріліп жатқанын айтады. Дәл осындай серпінді жұмыс қаланың бас артериясы саналатын Тәуке хан даңғылында да байқалады. Мұнда асфальт жабындысын жаңарту және қайта төсеу шаралары қолға алынған.

Бұл сапарымызда қала келбетін бұзып тұрған ескі нысандардың тағдырына да куә болдық. Осы уақытқа дейін ретсіздігімен аты шыққан «Көктем» базарының аумағында бүгінде толықтай сүру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арнайы техникалардың көмегімен аумақты босату, тозығы жеткен ғимараттарды бұзу және құрылыс қалдықтарын тазарту шаралары кезең-кезеңімен атқарылуда. Бұл қадам қала орталығындағы кептеліс пен ретсіз сауда мәселесін шешудің төте жолы болмақ.

Жалпы, Шымкентте атқарылып жатқан барлық жұмыстардың түпкі мақсаты бір арнаға тоғысады. Ол — тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіру және шаһар келбетін заманауи талаптарға сай дамыту.

Бекітілген жоспарға сүйенсек, алдағы уақытта қаланың басқа да көшелерін жол жөндеуден өткізу, жаңа аяқжолдар салу, автотұрақтарды ретке келтіру және абаттандыру шаралары өз жалғасын табады.
Біз де өз кезегімізде мегаполистің жаңару көшін жіті бақылап отыратын боламыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *