Қазақстан ұлттық футбол құрамасы тарихында алғаш рет Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Команда алдағы халықаралық жолдастық кездесулерге дайындық аясында Қажымұқан атындағы Орталық стадионда жаттығуда.

Бір аптаға жоспарланған оқу-жаттығу жиыны 4 маусым күні аяқталады. Одан кейін ұлттық құрама Арменияға аттанып, халықаралық кездесулерге қатысады.
Ұлттық құрама алғашқы жолдастық матчын 6 маусым күні сырт алаңда өткізеді. Ал 9 маусымда FIFA рейтингінде 42-орында тұрған Венгрия құрамасына қарсы алаңға шығады. Бұл кездесулер қазақстандық футболшылар үшін халықаралық тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді.
Бұл жолғы жиынға Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубынан бірнеше ойыншы шақырту алды. Олардың қатарында тәжірибелі Сергей Малый мен Бекхан Шайзада бар. Сондай-ақ ұлттық құрама сапына алғаш рет қосылған жас футболшылар Жасұлан Әмір мен Мағжан Тоқтыбай үшін бұл жиын үлкен жауапкершілік пен зор мүмкіндік саналады.
Айта кетейік, Қажымұқан атындағы Орталық стадион 2025 жылы толық ағымдағы жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жаңғыртылды. Стадиондағы табиғи көгал толық ауыстырылып, автоматтандырылған суару жүйесі орнатылды. Бүгінде бұл спорт нысаны Шымкент футболының ғана емес, еліміздегі заманауи спорт инфрақұрылымының маңызды орталықтарының біріне айналып отыр.
Жалпы, Қазақстан ұлттық футбол құрамасының оқу-жаттығу жиыны Шымкентте өтуі қаланың спорттық әлеуеті мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктерінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Бұл өңірдегі футболдың дамуына серпін беріп, жергілікті спортшылар үшін тәжірибе алмасу алаңын қалыптастырады.
Алдағы уақытта Шымкентте ірі спорттық жиындар мен халықаралық матчтарды өткізу жиілей түседі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде қала беделін арттырып, спорттық туризмнің дамуына да ықпал етпек.