Мемлекет басшысы: «Заң мен тәртіпке құрметпен қарау– ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы облысына барды. Сапар аясында Президент Алатау қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.

Кеңес барысында Мемлекет басшысы Алатау қаласының болашағы стратегиялық тұрғыдан маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар елді мекендерді абаттандыру, қоршаған ортаны қорғау және азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.

Президент «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының маңызын ерекше атап өтіп, қалалар мен ауылдарды көркейту, аумақтарды көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, қоғамда табиғатқа жанашырлық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.

Мемлекет басшысы туристік нысандар мен табиғи аймақтардағы тәртіп мәселесіне де назар аударды. Ол вандализм әрекеттеріне жол бермеу керектігін айтып, заң бұзушыларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту қажеттігін жеткізді.

«Заң мен тәртіпке құрметпен қарау дегеніміз – жазадан қорқу емес, бұл – ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемдегі күрделі геосаяси жағдайға тоқталып, Қазақстан үшін татулық пен тұрақтылықтың маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық келісім мен заң үстемдігі сақталмайынша, ешқандай реформа мен оң өзгеріс толық жүзеге аспайды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы шараларды сынға алатын көзқарастарға жауап беріп, халық үшін ең басты құндылықтардың бірі қауіпсіздік пен заңдылық екенін айтты.

Президент құқық қорғау органдары заң бұзушылықтарға қатысты қатаң әрі әділ шаралар қолдануы тиіс екенін атап өтіп, елде «Заң мен тәртіп» қағидатын жүйелі түрде жүзеге асыру жалғасатынын мәлімдеді.

«Ал халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек. Сондықтан біз осы жолдан таймаймыз, батыл түрде «Заң мен тәртіп» саясатын жүргіземіз. Себебі бұл – халқымыздың талабы, халқымыздың сұранысы», – деді Мемлекет басшысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *