Заң талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру кездесуі өтті

Шымкент  қалалық прокуратураның бастамасымен түзеу мекемелерінде құқықтық сауаттылықты арттыру және қайталама қылмыстың алдын алу мақсатындағы кешенді шаралар жалғасып жатыр. Кезекті профилактикалық кездесу Әл-Фараби аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты №69 мекемеде өтті,-деп хабарлайды Bozyq.kz.

 

«Заң мен Тәртіп» қағидасы аясында ұйымдастырылған іс-шараның басты мақсаты — жазасын өтеушілердің заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастырып, олардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету.

Кездесу барысында қадағалаушы орган өкілдері қолданыстағы заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістерді жан-жақты түсіндірді. Мамандар сотталған азаматтарға мекеме ішіндегі тәртіп пен режимді бұзудың құқықтық салдарларын ескертті.

«Қайталама қылмыс жасаған тұлғаларға заң аясында жаза айтарлықтай қатаңдатылып, бас бостандығынан айыру мерзімі ұзартылады. Сондықтан заңға бағыну — әрбір азаматтың басты міндеті», — деп атап өтті Әл-Фараби аудандық прокуратурасының өкілдері.

Жиын аясында сотталғандардың құқықтық білімін тереңдету үшін арнайы әзірленген ақпараттық-әдістемелік материалдар мен жадынамалар таратылды. Сонымен қатар, жазасын өтеушілер тарапынан қойылған көкейкесті сұрақтарға прокуратура мен мекеме қызметкерлері тарапынан заң шеңберінде нақты жауаптар берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жүйелі кездесулер сотталғандар арасында құқық бұзушылық қаупін азайтып, оң мінез-құлық қалыптастыруға тікелей әсер етеді.

Жалпы, Шымкент қаласының прокуратурасы жыл басынан бері «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында әртүрлі бағытта 100-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізген. Құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған бұл жұмыстар алдағы уақытта да жоспарлы түрде жалғасын таппақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *