ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: ШЫМКЕНТТЕ «STOP GRAFFITI» ЖЕДЕЛ-ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ӨТУДЕ

Шымкент қаласы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидасын іске асыру аясында ағымдағы жылдың 8-14 маусым аралығында қала аумағында «STOP GRAFFITI» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шараның басты мақсаты – есірткі құралдарын насихаттайтын заңсыз граффити жазбаларын анықтау және жою, сондай-ақ жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттырып, заңға құрмет мәдениетін қалыптастыру.

“Бүгінгі акцияға мыңнан астам адамның белсенді қатысуы тұрғындардың бұл мәселеге бейжай қарамайтынын көрсетті. Есірткіге қарсы күресте алдын алу шараларының маңызы зор. Сондықтан біз жастар арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп, қоғаммен бірлесіп қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз”, – деді полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Бейсенбаев.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабына сәйкес есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын немесе прекурсорларды насихаттау не заңсыз жарнамалау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады және 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Полиция департаменті қала тұрғындарын қоғамдық тәртіпті сақтауға, қоршаған орта тазалығына ұқыпты қарауға және құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырады. Заң мен тәртіпті сақтау – қауіпсіз қоғам мен жарқын болашақтың берік негізі.

Атап өтейік, жыл басынан бері Шымкентте есірткі тасымалдау және есірткі қоюмен айналысқан 200-ден астам күдікті ұсталған.  Заңсыз айналымнан 50 келіден астам есірткі заты тәркіленсе, оның шамамен 11 келісі аса қауіпті синтетикалық есірткілерді құрайды. Сонымен қатар, есірткі таратумен айналысқан бірнеше интернет-дүкен анықталып, олардың қаржылық шоттары бұғатталған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдырып қана қоймай, жастардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыруға және қауіпсіз орта құруға ықпал етеді.

«Шымкент – есірткісіз қала» акциясы тұрғындардың белсенді қолдауымен өтіп, есірткіге қарсы күрестің тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін тағы да көрсетті.

#ЗАҢМЕНТӘРТІП

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *