Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есепті тыңдады,-деп хабарлайды Bozyq.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, былтыр өңірлік жалпы өнім көлемі 5,7 трлн теңгеге жетіп, 11%-ға өскен. Осы көрсеткіш бойынша Шымкент өңірлер арасында екінші орында тұр.
2025 жылы қала экономикасына 859,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 72%-ы – жеке инвестициялар. Жалпы өсім 7,5%-ды құрады.
Соңғы үш жылда өнеркәсіп саласында құны 170 млрд теңге болатын 50 жоба іске қосылып, 3,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны 133 мыңға жеткен. Олар өндірген өнім көлемі 4,7 трлн теңгені құрап, өңірлік жалпы өнімдегі үлесі 41%-дан 56%-ға дейін артқан.
Биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталған. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 10,4%-ға өсіп, өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік салаларында оң нәтиже байқалған.
Мемлекет басшысына бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы таныстырылды. Қазір 200 орындық перинаталдық орталық салынып жатыр. Биыл 150 орындық оңалту орталығын пайдалануға беру жоспарланған.
Сондай-ақ 35 мың көрерменге арналған стадион, паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлері мен боччаға арналған мамандандырылған кешеннің құрылысы жүргізілуде.
Кездесу қорытындысы бойынша қала әкіміне әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін тұрақты арттыру және инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, инфрақұрылымдық бастамаларды уақытылы аяқтау мен олардың сапасын қатаң бақылауда ұстау қажеттігі айтылды.