12 маусым – Балалар еңбегіне қарсы күрестің дүниежүзілік күні

Балалардың балалық шағы – білім алып, жан-жақты дамып, қауіпсіз ортада өсуге арналған маңызды кезең. Сондықтан әрбір баланың құқықтарын қорғау және оларды заңсыз еңбекке тартудың алдын алу – қоғамның ортақ міндеті.

Балалар еңбегін пайдалану олардың денсаулығына, білім алуына және толыққанды дамуына кері әсер етеді. Осыған байланысты мемлекет тарапынан кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық нормалар мен профилактикалық шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балалардың құқықтары қорғалады және олардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне зиян келтіретін жұмыстарға тартылуына жол берілмейді.

2002 жылдан бері 12 маусым Халықаралық еңбек ұйымының бастамасымен Балалар еңбегіне қарсы күрестің дүниежүзілік күні ретінде аталып өтеді. Халықаралық науқанның негізгі мақсаты – халықаралық қоғамдастықтың назарын балалар еңбегі мәселесіне, оның ішінде құлдыққа, қауіпті еңбекке және балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне аудару.

2000 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясының 1973 жылғы 26 маусымда Женева қаласында қабылданған жұмысқа қабылдаудың ең төменгі жасы туралы №138 конвенциясын ратификациялады.

Сондай-ақ 2002 жылғы 26 желтоқсанда Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясының 1999 жылғы 17 маусымда Женева қаласында қабылданған Балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тыйым салу және оларды жою жөніндегі шұғыл шаралар туралы №182 конвенциясын ратификациялады.

Балалар еңбегіне қарсы күрестің дүниежүзілік күні қоғам назарын осы маңызды мәселеге аударып, әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыруды көздейді. Ата-аналар, білім беру ұйымдары, мемлекеттік органдар және қоғам өкілдері бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана балалардың құқықтары толық қорғалып, олардың қауіпсіз әрі бақытты болашағын қамтамасыз етуге болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *