ШЫМКЕНТТЕ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСКЕ АРНАЛҒАН ӨНЕРКӘСІП АЙМАҒЫ АШЫЛДЫ

Қала күні мерекесінде шаһардағы «Жұлдыз» индустриялық аймағында «ORDA NS BUILDING» ЖШС жүзеге асырған шағын және орта бизнеске арналған өнеркәсіп аймағының ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, бизнес-қоғамдастық және БАҚ өкілдері қатысты.

Жаңа өнеркәсіп аймағы шағын және орта бизнесті қолдау, өндіріс секторын дамыту және заманауи индустриялық инфрақұрылымды қалыптастыру мақсатында құрылған.

Жоба аясында кәсіпкерлерге дайын өндірістік алаңдар ұсынылады. Бұл жаңа кәсіпорындарды іске қосуды жеделдетіп, жұмыс істеп тұрған өндірістердің ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қала әкімі өндірістік аймақтың жұмысына сәттілік тілеп, әкімдік тарапынан барлық қажетті қолдаулар жасалатынын атап өтті.

Жобаның жалпы инвестициялық құны – 13 млрд теңге. Оның ішінде алғашқы кезеңге 8,3 млрд теңге инвестиция салынған. Жобаны іске асыру үшін «Жұлдыз» индустриялық аймағынан көлемі 9,6 гектар жер телімі бөлінді. Нысанның өндірістік қуаты жалпы аумағы 50 мың шаршы метрге дейін дайын өндірістік ғимараттарды орналастыруға мүмкіндік береді.

Өнеркәсіп аймағының іске қосылуы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қаланың экономикалық әлеуетін нығайтуға серпін береді.

«Бүгінде кәсіпкерлер үшін тек идея мен ресурстың болуы жеткіліксіз, өндірісті қысқа мерзімде іске қосу мүмкіндігі де аса маңызды. Біздің индустриялық аймақ дайын инфрақұрылым ұсынып, кәсіпорындарды іске қосу мерзімін едәуір қысқартады. Біз шағын және орта бизнес өкілдері дамып, өндірістік қуаттарын кеңейтіп, бәсекеге қабілетті өнім шығара алатын заманауи өндірістік экожүйе құруды мақсат етеміз», – деп атап өтті Ерсейіт Сапаров.

Жаңа индустриялық аймақ құрамына бірнеше өндірістік нысан енді. Олардың қатарында құрылыс материалдары мен инженерлік жүйелер өндіретін «ATTILA EMPIRE» ЖШС, медициналық өнім шығаратын «ПРОМ-ЕА» ЖШС, қабырға және шатыр жабындарына арналған сэндвич-панельдер өндіретін «PANA PANEL» ЖШС, сондай-ақ газбен жұмыс істейтін жылыту қазандықтарын шығаратын «MEGA-HEAT» зауыты бар.

Басшылардың айтуынша, мұндай индустриялық аймақтардың ашылуы мегаполис экономикасын әртараптандыруда және оның инвестициялық тартымдылығын арттыруда маңызды рөл атқарады. Кәсіпкерлерге дайын өндірістік алаңдардың ұсынылуы жаңа жобаларды жедел іске қосуға, жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейтуге және шағын әрі орта бизнестің дамуына қосымша мүмкіндіктер жасауға жол ашады.

Жаңа индустриялық аймақтың іске қосылуы Шымкент экономикасы үшін маңызды оқиға болды. Заманауи өндірістік алаң кәсіпкерлерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына, жергілікті өндіріс көлемінің артуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін береді. Осындай жобаларды жүзеге асыру мегаполистің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, инвестиция тартуға қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *