«Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық жұмыстар жалғасуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда заң үстемдігін және тәртіп мәдениетін түбегейлі орнықтырудың маңызын атап өтті. Бүгінге Шымкент қаласында  профилактикалық жұмыстар күшейтіліп, заңсыз әрекеттердің жолын кесу бойынша жүйелі шаралар қолға алынуда.

Осы бағыттағы кезекті іс-шара Қаратау ауданында өтті. Қаратау ауданы прокуратурасының үйлестіруімен аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы мен полиция басқармасының қызметкерлері бірлескен рейд ұйымдастырды.

Рейд барысында аудан аумағындағы алкоголь өнімдерін сататын бірқатар сауда орындары тексерілді. Нәтижесінде алкоголь өнімдерін заңсыз және лицензиясыз өткізудің 16 фактісі анықталды. Сонымен қатар жалпы құны 7,7 миллион теңгені құрайтын 6 844 бірлік алкоголь өнімі заңсыз айналымнан алынды.

Мамандардың айтуынша, алкоголь өнімдерін заңсыз өткізу тек кәсіпкерлік қызмет саласындағы заң бұзушылық қана емес. Мұндай әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікке де кері әсер етеді. Өйткені заңсыз сатылатын өнімдердің сапасы мен шығу тегі әрдайым бақылауда бола бермейді. Бұл өз кезегінде азаматтардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

«Заң мен Тәртіп» қағидатының негізгі мақсаты – құқық бұзушылыққа жол бермеу және заң талаптарын сақтауды қоғамның ортақ құндылығына айналдыру. Сондықтан мұндай рейдтік іс-шаралар тек заң бұзушыларды анықтауға емес, кәсіпкерлер арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға және профилактикалық жұмыстарды күшейтуге де бағытталған.

Қазіргі уақытта анықталған құқық бұзушылықтар бойынша тиісті материалдар рәсімделіп, кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту шаралары қабылдануда.

Айта кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес алкоголь өнімдерін арнайы лицензиясыз сатуға жол берілмейді. Сондай-ақ мұндай өнімдерді 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға және заңда белгіленбеген уақытта өткізуге тыйым салынған. Аталған талаптарды бұзған тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауаптылыққа тартылады.

Қаратау ауданының прокуратурасы аудан аумағында заңдылықты қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *