Қорқор жарнамасына жол берілмейді

Шымкент қаласында интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде қорқор өнімдерін заңсыз жарнамалауға жол бермеу бағытындағы жұмыстар күшейтілді.

«Жарнама туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабына сәйкес қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспаларын және өзге де темекі өнімдерін тікелей немесе жанама түрде жарнамалауға тыйым салынған.

Заң талаптары бұқаралық ақпарат құралдарымен ғана шектелмей, интернет-платформаларда орналастырылатын жарнамалық материалдарға да қолданылады.

Осыған байланысты әлеуметтік желілердегі парақшаларда, стористер мен бейнероликтерде қорқорды көрсету, оны тұтынуға шақыратын мәтіндер жариялау, арнайы ұсыныстар, жеңілдіктер мен акциялар туралы ақпарат тарату, сондай-ақ мәзірлерде, баннерлерде және сыртқы жарнама нысандарында қорқор өнімдерін насихаттау заң талаптарына қайшы келеді.

Қорқордың суреті немесе бейнесі арқылы тұтынушылардың қызығушылығын арттыруға бағытталған «қорқор бар», «жаңа дәмдер», «тегін қорқор», «акция», «жеңілдік» және осыған ұқсас жарияланымдар жарнаманың жанама түрі ретінде бағалануы мүмкін.

Жарнама туралы заңнаманы бұзу Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 455-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

Заңсыз жарнама анықталған жағдайда оны таратқан тұлға жарнаманы дереу тоқтатуға міндетті.

Осыған орай қоғамдық тамақтану және ойын-сауық орындарының иелеріне:
• әлеуметтік желілердегі қорқорға қатысты жарнамалық жарияланымдарды жою;
• мәзірлерден, баннерлерден және жарнамалық тақтайшалардан қорқорға қатысты ақпаратты алып тастау;
• блогерлер мен өзге де тұлғалар арқылы жасырын жарнама орналастыруға жол бермеу;
• интернет-парақшалардың мазмұнына тұрақты бақылау жүргізу ұсынылады.

Қала прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп интернет-кеңістікке мониторинг жүргізуді жалғастырады.

Заң талаптарын сақтамаған кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты белгіленген тәртіппен тиісті құқықтық шаралар қабылданатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *