Шымкент қаласында 2026–2027 оқу жылына дайындық аясында бірінші сыныпқа қабылдау науқаны басталды. Биыл қала мектептеріне 29 474 оқушыны 1-сыныпқа қабылдау жоспарланып отыр.

Болжамға сәйкес, оқушылардың басым бөлігі мемлекеттік тілде білім алады. Атап айтқанда, 24 797 бала (84,1%) қазақ сыныптарына, 3 485 оқушы (14,1%) орыс сыныптарына, ал 1 192 бала өзге тілдегі, оның ішінде өзбек сыныптарына қабылданады деп күтілуде.
Қаладағы барлық білім беру ұйымдарында бірінші сыныпқа құжат қабылдау 2026 жылдың 18 маусымында басталды. 31 тамызға дейін жалғасады. Қабылдау науқаны мемлекеттік және жекеменшік мектептердің барлығын қамтиды.
Жаңа тәртіпке сәйкес, мектепалды даярлық бағдарламасын осы білім беру ұйымында меңгеріп, сол мектепте оқуын жалғастыруға ниет білдірген балалар бірінші сыныпқа автоматты түрде қабылданады. Ал баласын басқа білім беру ұйымына орналастыруды жоспарлаған ата-аналар құжаттарды жалпы белгіленген тәртіппен тапсырады.
Биыл бірінші сыныпқа қабылдау үдерісі цифрлық форматта жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 31 наурыздағы №73-НҚ және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 1 сәуірдегі №168/НҚ бірлескен бұйрығына сәйкес мемлекеттік қызмет пилоттық жоба аясында «OQU» Ұлттық білім беру платформасы арқылы көрсетіледі.
Платформада құжаттарды қабылдау 18 маусымнан бастап қолжетімді болды. Бұл жүйе ата-аналарға өтінішті онлайн тапсырып, қабылдау барысын қадағалауға мүмкіндік береді. Мамандар ата-аналарды құжаттарды соңғы күнге қалдырмай, белгіленген мерзімде рәсімдеуге шақырады.
Шымкент қаласының білім саласында цифрлық қызметтерді кеңінен енгізу білім беру ұйымдарына қабылдау рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етіп, ата-аналар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.