Шымкентте кәсіпкерлермен құқықтық сауаттылық жөнінде кездесу өтті

Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының ұйымдастыруымен азаматтық қоғам өкілдері, кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен кездесу өтті.

Жиында әділетсіз бәсекелестік пен салықтан жалтару мәселелері де көтерілді. Мамандардың айтуынша, кейбір тауарлардың контрабандалық жолмен әкелінуі және салық төлемеу арқылы арзандатылып сатылуы заң талаптарын сақтайтын кәсіпкерлердің жұмысына кері әсерін тигізеді. Осыған байланысты кәсіпкерлерге заңсыз әрекеттерге қатысты мәліметтерді Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жеткізу ұсынылды.

– Қазір Қаржылық мониторинг агенттігінің жұмысында басымдықтар біршама өзгерді. Бұрынғыдай тек құқықбұзушылықтарды анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуға ғана емес, олардың алдын алу мен профилактикаға ерекше мән берілуде. Сондықтан халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге басымдық беріліп отыр. Оның ішінде салық заңнамасына қатысты мәселелер де бар. Бүгінгі кездесуде әділетсіз бәсекелестік пен баға қалыптастыруға қатысты сұрақтар көтерілді. Кейбір тауарлар контрабандалық жолмен әкелініп, салықтан жалтару есебінен олардың бағасы заңды түрде өндірілген немесе импортталған өнімдерден әлдеқайда арзан болады. Соның салдарынан заң талаптарын сақтап жұмыс істейтін кәсіпкерлер шығынға ұшырайды. Егер кәсіпкерлерде қылмыстық әрекеттерге негізделген демпинг фактілері болса, бізге жеке хабарласуға кеңес бердік. Ол үшін міндетті түрде арыз жазудың қажеті жоқ, біз түскен мәліметтердің өзін тексере аламыз, – деді Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Дәурен Тұрғынбай.

Сонымен қатар, департамент кәсіпкерлердің қызметін талдау барысында жасанды интеллект технологияларын пайдалана бастағанын хабарлады. Бұл жүйе салықтан жалтару мен заңсыз қаржылық схемаларды анықтаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мамандар заң талаптарын сақтаудың маңызын атап өтіп, заң бұзушылықтардың құқықтық және қаржылық салдары ауыр болатынын ескертті.

Кездесу барысында қатысушылар құқықтық ақпараттарды әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихаттау қажеттігін де айтты. Олардың пікірінше, мұндай түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу тұрғындардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заң талаптарын сақтауға оң ықпал етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *