Шымкентте жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған кездесу өтті

Шымкент қаласында тұрғындардың экологиялық танымын кеңейту және экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жалғасуда. Бүгін Абай саябағында Қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Таза Шымкент – қалдықсыз қала» тақырыбында танымдық кездесу өтті.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен іс-шараға ерікті жастар, студенттер және белсенді азаматтар қатысты.

Кездесуде Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Дүйсен Құлтілеуов департамент тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол ауаның ластануын азайту, қалдықтарды қайта өңдеу, заңсыз қоқыс орындарын анықтау бағытында қолға алынған шараларға тоқталды.

Спикердің айтуынша, бүгінде қаладағы ірі кәсіпорындарда экологиялық ахуалды бақылауға арналған автоматтандырылған мониторинг жүйесі жұмыс істейді. Соның көмегімен атмосфераға таралатын шығарындылар онлайн режимде бақыланады. Сондай-ақ экологиялық талаптарды сақтамаған бірқатар кәсіпорындардың қызметі тоқтатылғанын айтып, жастарды қаланың тазалығын сақтауға және табиғатты аялауға шақырды.

Іс-шара барысында ASAA жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Данара Саранова қоршаған ортаны қорғаудың маңызына тоқталып, ұйымның бұл бағыттағы жұмыстары жөнінде ақпарат берді. Оның айтуынша, бүгінде бірлестік құрамында арнайы іріктеуден өткен 200-ге жуық ерікті жас табиғатты қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жобаларға белсенді қатысып келеді.

Кездесуде эко-тренер, экологиялық білім беру саласының сарапшысы Владислав Голярко қалдықтарды қайта өңдеу мен қоқысты сұрыптаудың маңыздылығы туралы танымдық дәріс өткізіп, қатысушылардың экологиялық сауатын арттыруға үлес қосты.

Іс-шара соңында ерікті жастар саябақ аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаның тазалығына өз үлестерін қосты.

Айта кетейік, Шымкент қаласында экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған түрлі іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Мектептер мен жоғары оқу орындарында экологиялық семинарлар, тренингтер, ашық сабақтар және экоэкскурсиялар өткізіліп, жалпықалалық сенбіліктер барысында тұрғындар туған қаласының тазалығын сақтауға белсенді атсалысуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *