Шымкентте медицина мен фармацевтика саласына бақылау күшейтілді

Шымкент қаласында 2026 жылдың алғашқы алты айында медициналық және фармацевтикалық қызметтердің сапасын бақылау жүйелі түрде жүргізілді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің қалалық департаменті мәлімдеді.

Есепті кезеңде департамент тұрғындарға медициналық және фармацевтикалық қызмет көрсетуге қатысты 2 272 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның ішінде медициналық қызмет саласында – 1 814, фармацевтикалық бағытта 458 қызмет ұсынылды. Сонымен қатар медицина қызметкерлерін сертификаттау, фармацевтикалық қызметті лицензиялау және өзге де мемлекеттік қызметтер көрсетілді.

Жарты жыл ішінде департаментке азаматтар мен заңды тұлғалардан 446 өтініш келіп түсті. Өтініштердің басым бөлігі медициналық көмектің сапасы, дәрілік заттармен қамтамасыз ету және емдеу қызметін ұйымдастыру мәселелеріне қатысты болды. Нәтижесінде 126 өтініш негізінде тексерулер жүргізіліп, қалғандары заңнама талаптарына сәйкес қаралды немесе тиісті мемлекеттік органдарға жолданды.

Мемлекеттік бақылау аясында 133 жоспардан тыс тексеру өткізілді. Оның қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласындағы заңнама талаптарының сақталуына бақылау жүргізіліп, анықталған заң бұзушылықтар үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс талаптарына сәйкес 160 әкімшілік хаттама рәсімделді.

Департамент дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіз айналымын қамтамасыз етуге де ерекше назар аударып келеді. Бүгінде Шымкентте халықаралық фармацевтикалық стандарттарға сәйкес сертификатталған 381 нысан жұмыс істейді. Оның ішінде GMP стандарты бойынша – 2 өндіріс орны, GDP стандарты бойынша – 38, ал GPP стандарты бойынша 341 дәріхана мен фармацевтикалық ұйым қызмет көрсетуде.

Сонымен қатар дәрілік заттарды міндетті таңбалау және қадағалау жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, 2024 жылғы 1 шілдеден бастап өндірілген және елімізге импортталған барлық дәрілік препарат міндетті түрде цифрлық таңбалаудан өтеді. Бұл жүйе дәрілік заттардың қозғалысын өндірушіден тұтынушыға дейін толық бақылауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Шымкентте тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесіне 2 отандық өндіруші, көтерме саудамен айналысатын 46 субъект және бөлшек саудадағы 320 субъект қосылған. Мамандардың айтуынша, бұл жүйе жалған дәрілік заттардың айналымын азайтып, халыққа ұсынылатын өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына бақылауды күшейтуге ықпал етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *