Шымкент қаласында 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына дайындық бекітілген жоспарға сәйкес жалғасуда. Қазіргі таңда сайлауды заңнама талаптарына сай ұйымдастыру мақсатында сайлау учаскелерін әзірлеу, учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын үйлестіру, сайлаушылар тізімін нақтылау және барлық санаттағы азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда.

Бүгін қаладағы сайлау учаскелерінің мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабылдауға дайындығына арналған арнайы іс-шара өтті. Дайындық барысы А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясында орналасқан №92 сайлау учаскесінде таныстырылды. Іс-шараға Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Есенғали Расулбеков, қоғам белсенділері және учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері қатысты.
Әл-Фараби ауданында барлығы 77 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Есенғали Расулбеков барлық учаскелердің заңнама талаптарына сәйкестігі мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда екенін атап өтті.

№92 сайлау учаскесінде ерекше қажеттілігі бар азаматтардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалған. Ғимаратқа кіріп-шығу үшін пандус орнатылып, дауыс беру кабиналары қосымша жарықтандырумен жабдықталған. Учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Ақмарал Шатырбекованың мәліметінше, аталған учаскеде 1470 сайлаушы тіркелген. Учаскенің шекарасы заң талаптарына сәйкес белгіленіп, азаматтардың кедергісіз келіп, дауыс беруіне қажетті жағдай толық қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, қаладағы бірқатар сайлау учаскелерінде анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, шақыру батырмаларын қалыпты жұмыс жағдайына келтіру және жаңадан құрылған учаскелерге пандустар орнату шаралары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың орындалуы тұрақты бақылауға алынған.
Айта кетейік, 23 тамыз күні қала тұрғындары өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатыса алады.