Таза орта – жауапты қоғамның айнасы

Шымкентте Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қаланы көркейтіп, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған бастамаға коммуналдық қызмет мамандары мен ерікті жастар белсенді қатысты.

Орманшы тұрғын алабындағы 12 гектар аумақты қамтитын «Тұқымбақта» ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, оған қаланың бес ауданынан келген 100-ден астам коммуналдық қызметкер қатысты. Сенбілік барысында шөп шабылып, ағаштардың артық бұтақтары қырқылды, арамшөптер тазартылып, көшеттер өсетін аумақтар күтіп-бапталды. Бұл жұмыстар алдағы күзгі ағаш отырғызу маусымына дайындықты күшейтіп, көшеттердің сапалы өсуіне мүмкіндік береді.

«Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарушы Ербол Есіркеповтің айтуынша, тұқымбақтағы жұмыс жыл бойы үздіксіз жүргізіледі. Мұнда қала көшелері, саябақтары мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға арналған ағаш және бұта көшеттері өсіріліп, күн сайын 35 қызметкер оларды күтіп-баптау жұмыстарын атқарады.

Бағдарлама аясындағы экологиялық акцияларға жастар да белсенді атсалысуда. Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға 14–35 жас аралығындағы 40 ерікті қатысты. Қатысушылар арасында мектеп оқушылары, студенттер, жас мамандар мен қоғамдық ұйымдардың белсенділері болды.

Акция басталар алдында жастармен кездесу өтіп, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызы түсіндірілді. Қалалық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Қуаныш Серікбай табиғатты қорғау әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Кездесуге полиция, прокуратура және экологиялық қызмет өкілдері қатысып, қоғамдық тәртіп, табиғатты аялау және азаматтық жауапкершілік мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Кездесуден кейін еріктілер Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының аумағы мен Абай атындағы саябақта тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық кеңістіктердің санитарлық жағдайын жақсартуға үлес қосты.

Бүгінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы Шымкентте бір реттік сенбіліктермен шектелмей, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тұрақты қоғамдық қозғалысқа айналып келеді. Коммуналдық қызметкерлердің күнделікті еңбегі мен жастардың еріктілік бастамалары қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, жасыл желек қорын көбейтуге және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға қызмет етуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *