Өнеркәсіп өркендеп, инвестиция көлемі артты

Шымкентте 2026 жылдың алғашқы алты айында өнеркәсіп өндірісі, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау бағытында тұрақты өсім байқалды. Бұл туралы Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ермек Тұрманов мәлімдеді.

Қаңтар–маусым айларында қала кәсіпорындары 817,5 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемі 11 пайызға артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 709,3 млрд теңгенің өнім өндірілді. Сусындар, химия, металлургия, машина жасау, құрылыс материалдары, тамақ және фармацевтика салаларында тұрақты өсім қалыптасты.

Инвестиция тарту жұмыстары да қарқын алды. Жалпы аумағы 1 394 гектарды құрайтын сегіз индустриялық аймақта 348 жоба жүзеге асырылып, 453,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Соның нәтижесінде 8 960 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар «Жұлдыз» индустриялық аймағы мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын кеңейту, сондай-ақ жаңа «Темір» индустриялық аймағын құру жұмыстары жүргізілуде.

Шағын және орта кәсіпкерлік те өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі болып отыр. Қалада бүгінде 133 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға 14,54 млрд теңге бөлініп, алғашқы бес айда 1 430 жоба мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды.

Қалада шағын өнеркәсіптік аймақтарды дамыту да жалғасуда. Жалпы құны 26,6 млрд теңгені құрайтын үш жоба аясында өндірістік нысандар салынып жатыр. Бағдарламалар толық іске асқанда жаңа кәсіпорындар ашылып, қосымша жұмыс орындары құрылмақ.

Өнеркәсіп өндірісінің ұлғаюы, инвестициялық белсенділіктің артуы және кәсіпкерлікті қолдау шаралары Шымкент экономикасының тұрақты даму қарқынын сақтап отырғанын көрсетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *