Шымкент қаласындағы №46 мектеп-лицейінде жаңа оқу жылына дайындықтың негізгі кезеңі аяқталды. Биыл білім ордасында күрделі жөндеудің екінші кезеңі жүргізіліп, мектептің қасбеті мен шатыры жаңартылды, инженерлік инфрақұрылым ретке келтірілді. Қазір нысанда соңғы жұмыстар мен ұсақ кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

1986 жылы пайдалануға берілген мектепте бүгінде 2700 оқушы білім алады. Оқу процесі екі ауысымда ұйымдастырылған. Білім беру ұйымында шамамен 200 қызметкер жұмыс істейді.
Мектеп ғимаратына күрделі жөндеудің бірінші кезеңі 2014 жылы жүргізілген. Ал биыл техникалық қорытынды негізінде жөндеудің екінші кезеңі жүзеге асырылды. Жұмыс барысында ғимараттың техникалық жағдайы ескеріліп, тозған элементтер жаңартылып, инженерлік жүйелер ретке келтірілді.
Жөндеу аясында мектептің қасбеті мен шатыры жаңартылды. Оқу кабинеттері де жаңғыртылып, білім беру процесіне қажетті жағдай жасалды. Мектепте негізгі пәндер кабинеттерімен қатар информатика, робототехника және еңбек кабинеттері жұмыс істейді.
Мектеп директоры Гүлжан Ибрагимованың айтуынша, білім беру ортасының сапасы ғимараттың жаңаруымен ғана өлшенбейді. Оқушылардың өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуі және сапалы білім алуы да маңызды.
«Біздің басты міндетіміз – балалар мен мұғалімдерге қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау. Жаңартылған ғимарат пен оқу кабинеттері осы мақсатқа қызмет етеді. Мектепте оқушы өзін қауіпсіз сезініп, сапалы білім алып, болашағына сеніммен қарайтын орта қалыптасуы керек», – деді Гүлжан Ибрагимова.
Айта кетейік, жөндеу жұмыстарын «СИГРОСТ» ЖШС мердігер ұйымы атқаруда. Қазіргі таңда негізгі жұмыстар аяқталған. Мердігер мекеме нысандағы соңғы жұмыстарды орындап, анықталған ұсақ кемшіліктерді ретке келтіруде.