ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫ: АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК ПЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ МАҢЫЗЫ

Шымкент қаласында Құрылтай депутаттарының сайлауы өз мәресіне жетті. Бүгін қаладағы 365 сайлау учаскесі сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істеп, азаматтардың өз конституциялық құқықтарын жүзеге асыруына мүмкіндік берді.

Сайлаушылар тізіміне 713 491 азамат енгізілді. Бұл көрсеткіш 2026 жылғы 15 наурыздағы референдуммен салыстырғанда 2,6 пайызға, яғни 18 346 адамға артқан. Дауыс беру үдерісін ұйымдастыруға сайлау комиссияларының 2 881 мүшесі қатысты.

Меніңше, бұл көрсеткіштер азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуға деген қызығушылығының бар екенін аңғартады. Сайлау – тек дауыс беру рәсімі емес, әр азаматтың өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, елдің болашағына қатысты ұстанымын білдіретін маңызды қоғамдық институт.

Құқықтық мемлекет жағдайында азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі, заң талаптарын сақтауы және қоғамдық өмірге белсенді араласуы айрықша мәнге ие. Осы тұрғыдан алғанда, сайлау мәдениеті – қоғамның құқықтық мәдениетінің маңызды көрсеткіштерінің бірі. Азаматтың еркін әрі саналы таңдауы қоғамдық жауапкершіліктің қалыптасуына ықпал етеді.

Сайлау үдерісінің ашық әрі заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылуы да маңызды. Дауыс беру барысында азаматтарға өз таңдауын еркін білдіруге қажетті жағдай жасалды. Сонымен қатар, сайлау барысын халықаралық байқаушылар, оның ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының өкілдері де бақылап, бірқатар сайлау учаскесінің жұмысымен танысты.

Енді Құрылтайдың жаңа құрамына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Қоғамның өзекті мәселелерін терең түсініп, азаматтардың ұсыныстары мен сұраныстарын ескеретін, елдің дамуына бағытталған нақты бастамаларды жүзеге асыру маңызды.

Сайлаудың аяқталуы – қоғамдық белсенділіктің аяқталуы емес. Керісінше, бұл азаматтардың сайлау арқылы білдірген сенімін нақты істермен ақтайтын жаңа кезеңнің бастауы. Қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланыс пен жауапкершілікті одан әрі нығайту – баршамызға ортақ міндет.

Елдің құқықтық және демократиялық дамуы мемлекеттік институттардың жұмысына ғана емес, әр азаматтың белсенді ұстанымына да байланысты. Сондықтан саналы таңдау, заңға құрмет және қоғамдық жауапкершілік – тұрақты әрі әділетті қоғам қалыптастырудың берік негізі.

Б. Садыков,
Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің проректоры

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *