Шымкенттегі мемлекеттік органдар мен оқу орындарының ғимараттарында egov.kz электрондық үкімет порталының бұрыштары пайда болды.
Енді тұрғындар қаладағы 315 өзіне-өзі қызмет көрсету аймағынан электрондық мемлекеттік қызметтерді өз бетінше ала алады. Әр сектор қажетті құралдармен жабдықталған, келушілер электрондық үкімет порталы мен басқа да мемлекеттік ресурстарға кіре алады. Мекенжайыңызға жақын орналасқан секторларды 2gis бағдарламасы арқылы табуға болады.
Бұл қызмет түрі «Азаматтарға арналған үкіметтің» Шымкент филиалының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласындағы Департаменті өкілдерінің және 2gis мамандарының бірлескен жұмысының арқасында жүзеге асты.
Елімізде ТЖ тәртібі алынып тасталғалы ХҚО-да қызмет көрсету тәртібі өзгерді.
Бүгінгі таңда Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан электрондық форматта қолжетімсіз «қағаз» қызметтерді және egov.kz порталында алдын ала рәсімделген дайын құжаттарды ғана алуға болады.
Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 80%-дан астамын электронды форматта алуға болады.Олардың барлығы egov.kz порталында қолжетімді.
Енді азаматтар мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ немесе ХҚО ғимараттарынан өзге әкімдіктер жанындағы фронт — кеңселерде, оқу орындарында және медициналық ұйымдарда орналасатын өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында өз бетінше алуға болады», — деді Шымкент қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ филиалының директоры Данабек Исабеков.
Электрондық үкімет бұрыштарында ЭЦҚ немесе бір реттік парольді қолдана отырып, әртүрлі электронды анықтамаларды алуға, некені тіркеу үшін өтініш беруге, баланы балабақша кезегіне қоюға, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өтуге, автокөлікті тіркеп, жүргізуші куәлігін ауыстыруға, мемлекеттік бажды төлеуге және т.б. қызметтерді алуға болады.