Шымкенттің жеті педагогі республикалық байқаудың финалына жолдама алды

Шымкентте «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының өңірлік кезеңі қорытындыланды. Қаладан додаға қатысқан 1070 педагогтің 42-сі жүлделі орындарға ие болып, оның жетеуі І орын алып, республикалық кезеңге жолдама алды.

Білім беру сапасын арттыруда педагогтің кәсіби білімімен қатар, жаңа әдістерді іздеп, оны тәжірибеде тиімді қолдана білуі маңызды. Осы бағыттағы үздік тәжірибені анықтап, таратуға мүмкіндік беретін жобалардың бірі – «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ ұйымдастыратын «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауы.

Байқаудың негізгі мақсаты – білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған тиімді әдістемелік шешімдерді қолдау және педагогтердің озық тәжірибесін көпшілікке ұсыну. Қатысушылар оқу, математикалық, жаратылыстану-ғылыми, цифрлық, қаржылық, экологиялық және мәдениетаралық сауаттылық, сондай-ақ жаһандық құзыреттер бағыттары бойынша өз жұмыстарын таныстырды.

Биыл байқауға еліміздің 20 өңірінен 15 650 өтінім түскен. Сараптамалық комиссия жұмыстарды белгіленген талаптар мен академиялық адалдық қағидаттарына сәйкес бағалады. Нәтижесінде І орын алған 139 педагог республикалық кезеңге жолдама алды.

Шымкент қаласы бойынша байқауға 1070 педагог қатысып, олардың 42-сі жүлдегер атанды. Оның ішінде 7 педагог І орын, 14 педагог ІІ орын, 21 педагог ІІІ орын иеленді.

Республикалық кезеңге жолдама алған шымкенттік жеті педагог әртүрлі сауаттылық бағыттары бойынша үздік деп танылды.

Жаратылыстану-ғылыми сауаттылық: «Бал Қазына» ЖШС, «PARASAT AJ» mektebi педагогі Сейткерім Нұрсултан Нурдәулетұлы;

Қаржылық сауаттылық: «Қазығұрт» №66 жалпы білім беретін орта мектебінің педагогі Мыңбаева Гүлнар Махсутқызы;

Математикалық сауаттылық: «Бал Қазына» ЖШС, «PARASAT AJ» mektebi педагогі Кузжанова Салтанат Алиакбаровна;

Оқу сауаттылығы: М.Жұмабаев атындағы №39 жалпы білім беретін орта мектебінің педагогі Умирзакова Зульфия Хабибуллаевна;

Цифрлық сауаттылық: «Бал Қазына» ЖШС, «PARASAT AJ» mektebi педагогі Ескараева Роза Жомартқызы;

Мәдениетаралық сауаттылық: Мұхамед Хайдар Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназия педагогі Есенқызы Арайлым;

Экологиялық сауаттылық: №146 жалпы білім беретін орта мектебінің педагогі Муталханова Алтынай Кайратовна.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Шымкент қаласы бойынша Кәсіби даму институтында ұйымдастырылды. Шара барысында үздік жұмыстардың мазмұны мен педагогтердің кәсіби ізденісі атап өтіліп, республикалық кезеңге жолдама алған ұстаздарға марапаттары табысталды.

Байқау педагогтердің жеке жетістігін бағалаумен шектелмейді. Оның маңызды нәтижесі – тиімді әдістемелік тәжірибелердің әріптестер арасында таралып, оқу үдерісінде қолданылуы. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкент педагогтерінің нәтижесі қаладағы кәсіби қауымдастықтың ізденісін көрсететін көрсеткіштердің бірі.

Енді республикалық кезеңге жолдама алған жеті педагог өз авторлық идеяларын ел көлемінде ұсынып, кәсіби тәжірибесін жаңа деңгейде таныстыруға мүмкіндік алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *