Шымкентте балабақшаларға қойылатын талап күшейеді

Шымкентте мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысына қойылатын талап күшейеді. Қаладағы балабақша басшылары мен жауапты мамандарға арналған бес семинарда 2027 жылдан бастап енгізілетін міндетті лицензиялау және BALABAQSHA жүйесі арқылы бақылау жүргізу тәртібі түсіндірілді,-деп хабарлайды Bozyq.kz Шымкент қаласы білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі ұйым лицензия алуға тиіс. Ол үшін балабақша ғимараттың қауіпсіздігі, санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін растауы қажет. Балаларға жасалған жағдай, педагогтердің біліктілігі мен кадрлық құрам да ескеріледі.

Осыған байланысты Шымкент қаласының Білім басқармасы лицензиялау басталғанға дейін дайындық жұмыстарын қолға алды. Семинарларда ұйым өкілдеріне қойылатын талаптармен қатар, QARQYN цифрлық платформасындағы BALABAQSHA жүйесін пайдалану тәртібі таныстырылды. Бұл кезеңде балабақшаларға анықталған кемшіліктерді түзеп, құжаттары мен ішкі жұмысын ретке келтіруге мүмкіндік беріледі.

Баламен тікелей жұмыс істейтін тәрбиешілер мен олардың көмекшілеріне де бірқатар талап қойылады. Олардың білімі мен біліктілігі, ресми еңбек қатынастары, соттылығы туралы мәліметтері тексеріледі. Сондай-ақ нарколог пен психиатрдың динамикалық бақылауында тұрмауы ескеріледі.

Қызметкерлер алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша оқудан өтуі қажет. Яғни бала есінен танып қалғанда, тынысы тоқтағанда, қан кеткенде немесе тыныс алу жолына бөгде зат түскен жағдайда алғашқы әрекетті білуі тиіс.

Маманның денсаулығына қатысты құжаттар да назарда болады. Олардың флюорографиялық тексеруден өткені, туберкулез бойынша динамикалық бақылауда тұрмайтыны туралы мәліметі болуы керек. Бұдан бөлек, бірқатар инфекциялық ауруларға қатысты медициналық тексерулерден өтуі талап етіледі.

Бақылау қағаз жүзіндегі құжаттармен шектелмейді. Білім басқармасының мамандары балабақшаларға алдын ала ескертусіз барып, электронды жүйедегі мәліметтерді нақты жағдаймен салыстырады. Топтағы балалардың саны, сол сәтте жұмыс істеп отырған қызметкерлер және кадрмен қамтылу деңгейі анықталады.

Әр топта нормативке сәйкес тәрбиеші мен тәрбиеші көмекшісі болуы қажет. Бір педагогтің бірнеше топқа қатар жауап беруіне жол берілмейді. Мұндай жағдай балаға көрсетілетін бақылау мен тәрбие сапасына әсер етпеуі тиіс.

Жауапкершілік шаралары да қарастырылған. Мәселен, табельде балабақшада болды деп көрсетілген баланың іс жүзінде болмағаны анықталса, сол күнге қаржыландыру жүргізілмейді. Қызметкерлерге немесе топтарға қатысты талаптар бұзылып, жүйеге шынайы жағдайға сәйкес келмейтін ақпарат енгізілсе, есепті кезең бойынша қаржы тоқтатылуы мүмкін.

Тексеруге кедергі келтірген жағдайда өнім берушінің BALABAQSHA жүйесіндегі мәртебесі бұғатталады. Қайта тексеру оң нәтиже бергеннен кейін ғана қаржыландыру жалғасады. Ал 12 ай ішінде қайталанған бұзушылықтар ұйымды мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру тізімінен шығаруға негіз болуы мүмкін.

Жаңа тәртіптің негізгі мәні – балабақшадағы жағдайдың қағаздағы есеппен сәйкес келуін қамтамасыз ету. Баланың қауіпсіздігі, онымен жұмыс істейтін маманның біліктілігі, топтың кадрмен қамтылуы және цифрлық жүйедегі деректің шынайылығы қатар бағаланады.

Лицензиялау талабы күшіне енгенге дейінгі кезең балабақшаларға жұмысындағы олқылықтарды түзеп, белгіленген өлшемдерге бейімделуге мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *