Шымкентте Техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлері күніне орай «Кәсіби білім – кемел болашақ» атты мерекелік жиын өтті. Жастар ресурстық орталығында ұйымдастырылған шараға колледж басшылары мен педагогтері, өндірістік оқыту шеберлері, сала ардагерлері, студенттер және әлеуметтік серіктестер қатысты.

Кеш қонақтары алдымен колледждердің кәсіби, шығармашылық және инновациялық бағыттағы жұмыстарын таныстырған көрмені тамашалады. Экспозицияда студенттердің оқу барысында әзірлеген жобалары мен кәсіби даярлық нәтижелері ұсынылды.
Салтанатты жиында білім саласының өкілдері сөз сөйлеп, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде еңбек етіп жүрген мамандарды кәсіби мерекесімен құттықтады. Бірқатар қызметкерге еңбегі мен салаға қосқан үлесі үшін марапаттар табысталды. Жиында мәслихат депутаттары, ардагер ұстаздар және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері де жылы лебізін білдірді.

Шымкенттік колледж студенттері үшін биылғы жыл халықаралық жетістіктерімен де ерекшеленді. Жақында Қытайдың Шанхай қаласында өткен WorldSkills Shanghai – 2026 халықаралық чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында қаладағы екі колледждің студенті өнер көрсетті.
«Сантехника және жылыту» құзыреттілігі бойынша Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің түлегі Нодирбек Рустамханов бақ сынап, чемпионат қорытындысында медальға ие болды. Ал «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенті Қанан Ғазиза Айдарханқызы ел намысын қорғады.
Халықаралық додадағы бұл нәтиже колледждерде кәсіби шеберлікті шыңдауға, өндірістік оқытуға және студенттердің практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған жұмыстың нәтижесін көрсетті. Сонымен бірге жастардың әлемдік кәсіби ортада тәжірибе жинақтап, өз қабілетін сынауына жол ашатын мұндай жарыстардың маңызы жоғары.

Мерекелік кеш өнер бағдарламасына ұласты. Шымкент саз колледжінің шығармашылық ұжымдары ұстаздар мен сала мамандарына арнап концерт қойды. Бағдарламада «Ұстазым», «Қазақстан», «Қазағым-ай» әндері шырқалып, домбырашылар ансамблі күй орындады. Дәстүрлі әншілер өнер көрсетіп, «Жер тынысы» биі мен «Бұлбұл» шығармасы көрермен назарына ұсынылды.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласының мерекесі осылайша мамандыққа адалдық пен кәсіби шеберлікті дәріптеген тағылымды кешке ұласты.