Шымкент-жастардың қаласы. Өңірде жұмыс істемейтін және білім алмайтын жастармен профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Отбасылық цифрлық картаның деректеріне сүйенсек, соңғы жылдары NEET санатындағы жастар саны айтарлықтай азайған. Алайда олардың бірнеше мыңды құрауы жастарды жұмыспен қамту және қоғамдық ортаға тарту мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетеді.

Мәселен, 2024 жылы қалада NEET санатында 12 649 жас тіркелсе, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 6 932 адамға дейін төмендеген. 2026 жылдың шілдесінде олардың саны 6 484 болса, қыркүйекте 5 805 адамды құраған. Яғни соңғы екі жылда көрсеткіш екі еседен астам азайған.
Соған қарамастан, жұмыспен қамтылмаған жастардың әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізу қажеттілігі бар. Осы мақсатта Қаратау және Тұран аудандарында мекенжайлық аралау ұйымдастырылып, 40-қа жуық үй қамтылды.
Мамандар жастарға жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, бос жұмыс орындары, мемлекеттік қолдау шаралары мен кәсіби бағдар беру бағыттары туралы ақпарат берген. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – жастарды тек есептен шығару емес, олардың тұрақты жұмысқа орналасуына немесе білім алуына нақты мүмкіндік ұсыну.
NEET санатына түсудің себептері әртүрлі. Кей жағдайда жас маманның еңбек нарығында сұранысқа ие мамандығы болмауы әсер етсе, енді бірінде жұмыс іздеу жолдарын білмеу, тәжірибенің жоқтығы немесе әлеуметтік жағдай кедергі болуы мүмкін. Сондықтан мәселені тек статистиканың төмендеуімен бағалау жеткіліксіз.
Бүгінде қалада NEET санатындағы жастар санын азайту бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл ретте профилактикалық аралаудың нәтижелі болуы жастарға ақпарат берумен ғана шектелмей, әр адамның жағдайына қарай нақты қолдау көрсетуге байланысты.