Шымкентте үш Шахмат үйі ашылды. Ашылу рәсіміне Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) және KazChess президенті Тимур Турлов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Жаңа Шахмат үйлерінің орны кездейсоқ таңдалған жоқ. Үш нысан да Шымкенттің тұрғындар жиі демалатын әрі уақыт өткізетін танымал қоғамдық орындарында орналасқан. Жобаның басты идеясы – шахматты халыққа барынша қолжетімді ету. Партия ойнау немесе мүдделестермен кездесу үшін арнайы спорт мектептеріне барудың қажеті жоқ, бұған енді саябақтар мен аллеяларда да толық жағдай жасалған.
Ауданы 223 шаршы метрді құрайтын ең үлкен Шахмат үйі Абай атындағы саябақта орналасқан. Ауданы 81 шаршы метрлік тағы екі павильон Металлургтер саябағы мен 17-ші шағын аудандағы аллеяда салынды. Соңғы нысанда жазғы терраса да қарастырылған. Залдар арнайы шахмат үстелдерімен жабдықталған. Олардың сыйымдылығы бір мезгілде 96 және 48 орынды құрайды.
«Қаламызда шахматқа деген қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқаны қуантады. 2024 жылы Орталық саябақта ардагерлер мен аға буын өкілдеріне арналған Шахмат үйі ашылған болатын. Бүгінде бұл игі бастама жалғасуда. Жаңа нысандар тұрғындарға бас қосуға, шахматпен тұрақты айналысуға және бос уақытын пайдалы өткізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да бұқаралық спортты дамытуға және дарынды спортшыларды қолдауға ерекше көңіл бөлеміз», – деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Құрылысқа Freedom Holding Corp. «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы демеушілік жасады. Қор жобаны жобалау алдындағы дайындықтан бастап нысандарды тапсырғанға дейінгі барлық кезеңде үйлестіруді жүзеге асырды. Нысандар толық пайдалануға берілген соң Freedom Telecom ғимараттарды интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
«Шымкентте жылдан-жылға шахматқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын анық көріп отырмын. Қала турнирлер саны мен дарынды ойыншылар, әсіресе балалар мен жастар арасында көшбасшылар қатарына нық енді. Бірақ чемпиондар өздігінен пайда болмайды: әлемдік тәжірибе көрсеткендей, үлкен спорт ең алдымен бұқаралық сипат пен халықтың сүйіспеншілігінен басталады. Сондықтан FIDE-нің алдағы жылдардағы негізгі міндеттерінің бірі – шахматқа мүмкіндігінше көп адамды тарту. Бірден үш Шахмат үйінің ашылуын осы бағыттағы маңызды қадам деп санаймын. Аздаған уақыттан соң олар қала өмірінің ажырамас бөлігіне айналады деген үлкен үмітім бар. Ең бастысы – бұл жерде шахмат сүйер қауым мен чемпиондар қатары көбейіп, Шымкент өңірден де тыс жерлерге танымал Қазақстан мен Орталық Азияның ең мықты шахмат орталықтарының бірі ретінде дами береді», – дейді Тимур Турлов.

Орталық Шахмат үйінің дизайнын әзірлеуге шахмат қайраткері, Шахматшылар одағының президенті Шыңғыс Нұрғалимов белсенді қатысты. Мердігер ұйым «Орда-Строй Капитал» ЖШС.
Салтанатты ашылудан соң жаңа Шахмат үйлерінде бірден SHYMKENT CHESS HOUSE BLITZ Challenger 2026 балалар блиц-турнирі басталып кетті. Оған 100 жас өрен қатысуда. Ойындар бір мезгілде үш алаңда өтіп жатыр: Абай атындағы саябақта 60 қатысушы болса, Металлургтер саябағы мен 17-ші шағын аудандағы аллеяның әрқайсысында 20 шахматшыдан бақ сынауда. Бәсеке швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан тұрады (уақыт бақылауы: 3 минут + әр жүріске 2 секунд).
Шымкент – шахмат тарихы бай қала
Жаңа Шахмат үйлерінің ашылуы Қазақстанға талай танымал шахматшыны сыйлаған қала дәстүрін ары қарай жалғастырады. Аға буынның жарқын өкілдерінің бірі 87 жастағы Инна Матвеева-Попрукайло. Ол 1965 жылы КСРО чемпионатының финалында ойнаған алғашқы қазақстандық шахматшылардың бірі болды. 1973 жылы Қазақ КСР чемпионы атағын жеңіп алды. Белсенді спорттық жолын аяқтап, көп жылдарын медицинаға арнаған ол зейнет жасында шахматқа қайта оралды. 2023 жылы Матвеева-Попрукайло 65 жастан асқан сеньорлар арасында Азия чемпионатын жеңіп алса, 2025 жылы осы жас санатында Қазақстан чемпионы атанды.
Шымкентпен бірнеше көрнекті шахматшының есімі тығыз байланысты. Осы қаланың тумасы Тамара Клинк әйелдер арасындағы гроссмейстер, Қазақстанның екі дүркін чемпионы және төрт шахмат олимпиадасының қатысушысы. Тәуелсіз Қазақстанның 1992 және 1993 жылдардағы алғашқы екі әйелдер чемпионатының жеңімпазы Ләззат Тәжиева да халықаралық аренада ел намысын қорғады. Бүгінде оның есімі Шымкенттегі № 4 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебіне берілген, ал қалалық чемпионаттар шахматшыны еске алуға арналып өткізіледі.

Тағы бір танымал есім Гулисхан Нахбаева, әйелдер арасындағы гроссмейстер және Қазақстанның жеті дүркін чемпионы. Ол ұлттық құрама сапында алты рет шахмат олимпиадасында өнер көрсетті.
Өңірдің шахматтық дәстүрін әйелдер арасындағы гроссмейстер, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, жеті шахмат олимпиадасының қатысушысы, ал бүгінде Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гульмира Дәулетова және гроссмейстер, елдің үш дүркін чемпионы әрі ұлттық құраманың көпжылдық ойыншысы Ринат Жұмабаев жалғастырды.
Шымкент шахмат мектебінің қалыптасуына бапкер, арбитр әрі ұйымдастырушы Григорий Ким үлкен үлес қосты. 1970-ші жылдардың аяғынан бастап оның қызметі қаладағы шахматты дамытумен тығыз байланысты болды. Бүгінде бұл жұмысты жалғастырып жүргендердің бірі – 2000 жылғы Қазақстан чемпионы, Қазақстан шахмат федерациясы Шымкент филиалының атқарушы директоры Алтын Есіркепова.
Балалар спортынан әлемдік деңгейдегі турнирлерге дейін
Бүгінде Шымкент шахматшыларды тәрбиелеп қана қоймай, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды тұрақты түрде өткізіп келеді. Шымкент бірнеше жылдан бері әлемдік деңгейдегі шахматшыларды қабылдап келеді. 2024 жылы мұнда әлемдік шахматтың үздік өкілдерінің басын қосқан FIDE әйелдер Гран-приінің кезеңі өтті. Ал 2026 жылдың наурызында қала 25 млн теңге жүлде қоры бар KazChess Masters Nauryz 2026 турнирін өткізіп, қайтадан шахмат қауымдастығының назарында болды. Шахмат тақтасында Сербия, Үндістан, Венгрия, Мексика және Өзбекстаннан келген белгілі гроссмейстерлер, сондай-ақ қазақстандық дарынды жастар кездесті. Қатысушылар арасында Алексей Сарана, Беньямин Гледура, Пранав Венкатеш, Меруерт Камалиденова және Даниял Сапенов болды.
Жарыстың елеулі оқиғаларының бірі – 13 жасар Данис Қуандықұлының ең жоғары рейтингілі қатысушы Алексей Сарананы жеңуі болды. Турнир жеңімпазы болып 9 мүмкіндіктен 7,5 ұпай жинаған үндістандық гроссмейстер Пранав Венкатеш атанды.
Осы айда Шымкентте 411 жас қатысушының басын қосқан Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған классикалық шахматтан Қазақстан Балалар кубогының алғашқы кезеңі өткізілді. Мұнда 87 шахматшы бақ сынаған сеньорлар арасындағы Қазақстан чемпионаты да өтті.
Өңірде шахматтық білім беру де дамып келеді. Тамыз айында «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы бойынша жергілікті 48 педагог оқудан сәтті өтті.
Үш Шахмат үйінің ашылуы қалалық инфрақұрылымды дамытудағы келесі қадам болып, бұл ойынға әртүрлі жастағы тұрғындарды одан әрі тартуға мүмкіндік береді.
Шахмат екі астана шеңберінен шығып келеді
Қазақстандағы шахмат өмірі баяғыда-ақ Астана мен Алматы төңірегімен шектелуден қалды. Бүгінде ірі халықаралық турнирлер облыс орталықтарында өтіп, елдің қалалары мен аудандарында шахматпен айналысуға жаңа мүмкіндіктер ашылуда.
Егер 2015 жылы Қазақстанда 58 шахмат турнирі өткізілсе, 2025 жылы олардың саны үш мыңға жетті. Он жыл ішінде жарыстар саны шамамен 52 есе өсті. Өңірлерде шахматты дамытумен Қазақстан шахмат федерациясының 20 аймақтық филиалы айналысады.
Осы жұмыстың бағыттарының бірі екі астанадан тыс жерлерде ірі халықаралық жарыстарды өткізу. 2026 жылдың маусымында Ақтөбе жүлде қоры 100 мың долларды құрайтын Aktobe Open – Владимир Дворкович мемориалын өткізді. Шілде айында Өскеменде 16 елден 200-ден астам шахматшыны, соның ішінде 22 гроссмейстерді біріктірген Oskemen Open өтті. Мұндай турнирлер қазақстандық жас ойыншыларға елден шықпай-ақ мықты қарсыластармен тақта үстінде кездесуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте шахмат бұқаралық деңгейде де қолжетімді болып келеді. Ал Шығыс Қазақстан облысында 2026 жылы екі мыңға жуық адамның қатысуымен 44 шахматтық іс-шара өткізілді. Павлодарда тамыз айында 185 жас шахматшының басын қосқан Қазақстан Балалар кубогының «Прииртышье – 2026» кезеңі өтті. Мұнда турнирлер қалалық алаңдарда, соның ішінде орталық жағалауда да өткізіліп тұрады.
Бөлек бағыттардың бірі – шахматтық білімді дамыту. Бүкіл Қазақстан бойынша 2026–2027 оқу жылының басында «Білім берудегі шахмат» бағдарламасына 2 509 мектеп қосылды. Шахмат сабақтары 6 770 сыныптағы 133 812 оқушыны қамтиды. Ақтөбе облысында шахмат 202 мектепте оқу пәні ретінде енгізілді, ал Павлодар облысында барлық жалпы білім беретін мектептерде шахмат бойынша қосымша білім беретін педагогтердің штаттық бірліктері қарастырылған.
Инфрақұрылымды дамыту осы жұмыстың заңды жалғасы. Мектеп қабырғасында шахматпен танысатын балалар көбейген сайын, олардың әрі қарай шеберлігін шыңдап, жарыстарға қатысуына жағдай жасайтын кеңістіктерді құрудың маңызы арта түседі. Шымкент тұрғындары үш жаңа Шахмат үйінің ашылуы арқылы осындай мүмкіндікке ие болып отыр. Жаңа орталықтар алғашқы жүрісін жасап жүрген бүлдіршіндерден бастап, шахматты серік еткен тәжірибелі ойыншыларға дейінгі әртүрлі буын өкілдерінің басын қосатын заманауи алаң болмақ.
