Шымкентте қосымша білім беру саласына бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы, мемлекеттік тапсырыстың орындалуы және балаларды үйірмелер мен секцияларға тарту мәселелері талқыланды. 15 қазанда басталған өңіраралық семинар-кеңеске еліміздің 11 өңірінен келген өкілдер қатысып, тәжірибе алмасты.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған жиынның мақсаты – қосымша білім беруге арналған бірыңғай мемлекеттік тапсырысты іске асыру тәжірибесін саралап, оны жетілдіру жолдарын қарастыру.
Семинарға орталық мемлекеттік органдардың, «Қазақтелеком» және «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамдарының өкілдері, өңір әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ білім беру, экономика, цифрландыру, спорт және мәдениет салаларының мамандары қатысты. Кездесуде бюджет қаражатын тиімді пайдалану, балалардың қосымша білім алу мүмкіндігін кеңейту және көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау мәселелері көтерілді.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек білім беру саласындағы нәтижеге қол жеткізу үшін қаржыландыру көлемімен қатар, қаражаттың қалай жұмсалатынына да мән беру керектігін атап өтті.

«Білім беру жүйесін дамыту үшін ең алдымен қолда бар мүмкіндіктерді бағалап, қаражатты нақты қажеттіліктерге сай бөлу қажет. Қаржылық тәртіпті нығайтып, жоспарлау мен бақылауды қатар жетілдіру маңызды. Қабылданған шешімдердің нәтижесі балалардың сапалы әрі қолжетімді білім алуынан көрінуі тиіс», – деді ол.
Шымкентте қосымша білім беруді дамытуда қолданыстағы инфрақұрылымның мүмкіндігін тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Бұл үшін білім беру ұйымдарының қажеттіліктерін жүйелі бағалау, қаражатты алдын ала жоспарлау және оның жұмсалу нәтижесін саралау маңызды. Сонымен қатар, атқарылған жұмыстың көлемімен шектелмей, балалардың білім алуына тигізген нақты әсерін де ескеру қажет.

Жиында мемлекеттік тапсырыстың орындалуын цифрлық құралдар арқылы бақылау тәжірибесі де таныстырылды. Бұған қоса, мемлекеттік мектептердің бос орындары мен қолда бар мүмкіндіктерін пайдалану арқылы балаларды қосымша білім беру бағдарламаларымен қамту жолдары талқыланды.
Бұл шаралар мемлекеттік қаражаттың негізсіз жұмсалуына жол бермеуге және қаржыландырудың ашықтығын арттыруға бағытталып отыр.