Шымкентте «Bilimdi Keleshek-III» халықаралық жоғары білім көрмесі өтті

Болашақ мамандықты таңдау – жасөспірімнің өміріндегі маңызды кезеңнің бірі. Осы ретте Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында «Bilimdi Keleshek-III» халықаралық жоғары білім көрмесі өтті. Шараға отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып, талапкерлерге білім беру бағдарламалары мен оқуға түсу мүмкіндіктері туралы мәлімет берді.

Бақдәулет Мақсымхан көрмеге болашағын бағамдап, өзі қызығатын мамандық туралы көбірек білу үшін келген. №147 мектептің оқушысы биология пәнінің мұғалімі болуды армандайды. Сондықтан жоғары оқу орындарының ұсыныстарымен танысып, өзіне қажетті ақпарат алуға мүмкіндік алғанына қуанышты.

«Мен №147 мектептен келдім. Болашағымды ойлап, мамандық таңдау үшін арнайы келдім. Медицина академиясы маған қатты ұнады. Болашақта биология пәнінің мұғалімі болғым келеді», – дейді Бақдәулет Мақсымхан.

Көрмеге 9–11-сыныптарда оқитын екі мыңнан астам оқушы қатысты. Олар жоғары оқу орындарының өкілдерімен тікелей тілдесіп, мамандықтар, қабылдау талаптары, білім гранттары және халықаралық бағдарламалар жөнінде сұрақтарына жауап алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер талапкерлерге оқу орнын таңдап қана қоймай, болашақ кәсібіне қатысты шешім қабылдауға да көмектеседі.

«Көрменің басты мақсаты – талапкерлерге мамандық таңдауда бағыт беру, жоғары оқу орындарына түсу тәртібін түсіндіру және халықаралық білім беру бағдарламалары туралы ақпарат ұсыну. Мұнда оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын оқу орындарының өкілдеріне тікелей қойып, нақты жауап ала алады», – дейді «Жастар саясатын қолдау орталығы» ЖШС бас директорының орынбасары Ислям Құжбанов.

«Bilimdi Keleshek» жобасы жастардың кәсіби бағдарын айқындап, жоғары білім алу мүмкіндіктері туралы ақпаратты кеңінен таратуға бағытталған. Көрме барысында оқушылар түрлі оқу орындарымен танысып, алдағы оқу жолын жоспарлауға қажетті мәліметтер алды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *