Білім саласындағы басымдықтар: ұстаз мәртебесі, сапа және тең мүмкіндік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесінің бірқатар маңызды бағытына назар аударылды. Президент мұғалімдердің қағазбастылығын азайту, педагог мәртебесін қорғау, инклюзивті білім беруді дамыту және мектептердегі тәртіп мәселелеріне тоқталып, жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.

Мұғалімнің жұмысын жеңілдету – басты міндеттердің бірі

Жолдауда білім беру саласындағы реформалардың мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге бағытталуы қажеттігі атап өтілді. Мемлекет басшысы қағаз түріндегі есептіліктің орнына цифрлық платформалар мен ақпараттық жүйелердегі есептіліктің көбейіп кеткеніне назар аударды.

Осыған байланысты педагогтердің жұмысындағы артық есептілікті қысқарту, олардың уақытын үнемдеу және негізгі міндеттеріне басымдық беру мәселесі көтерілді.

Президенттің айтуынша, мұғалімнің басты міндеті – оқушыларға сапалы білім беру және саналы ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан білім беру жүйесіндегі өзгерістер педагогтердің күнделікті жұмысына қосымша жүктеме түсірмеуі керек.

Ұстаздың құқығы мен қауіпсіздігі назарда

Мемлекет басшысы мектептердегі тәртіп мәселесіне де тоқталды. Атап айтқанда, оқушылардың мұғалімдерге дөрекі сөйлеуі, күш көрсетуі секілді жағдайларға алаңдаушылық білдірді.

Сондай-ақ осындай оқиғалар кезінде кейбір мектеп әкімшілігінің педагогтерге қысым көрсететін жағдайлары сынға алынды.

Президент отбасы, оқушы, ұстаз және мектеп арасындағы өзара жауапкершілікті күшейту қажеттігін атап өтті. Оқу-ағарту министрлігіне мектептердегі осы бағыттағы жағдайды жіті бақылау тапсырылды.

Инклюзивті білім беруді дамытуға басымдық беріледі

Жолдауда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау мәселесі де қамтылды

Мемлекет басшысының мәліметінше, елімізде инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Осыған байланысты инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамыту, қажетті мамандар тапшылығын азайту және балалардың ерекшеліктерін ерте жастан анықтау жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігі айтылды.

Президент бұл бағыттағы міндеттерді орындауда «Қазақстан халқына» қорының да белсенді атсалысуын ұсынды.

Білім беру инфрақұрылымы кеңейеді

Жолдауда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де назар аударылды. «Халықтық құрылыс» жобасы аясында шамамен 50 білім беру, спорт және мәдениет нысанының құрылысы басталатыны айтылды.

Бұл бастама өңірлердегі әлеуметтік нысандарға деген қажеттілікті ескере отырып жүзеге асырылмақ.

Білім беру нысандарын салумен қатар, олардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту және қажетті мамандармен қамтамасыз ету мәселелері де күн тәртібінде тұр.

Мемлекет басшысының Жолдауда білім саласына қатысты көтерген мәселелері мұғалімдердің кәсіби қызметін қолдауға, мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, инклюзивті білім беруді дамытуға және білім беру инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған. Аталған міндеттерді орындау жауапты мемлекеттік органдарға жүктелді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *