Шымкентте педагогтерді аттестаттаудың пилоттық жобасына арналған онлайн-семинар өтті. Кездесуде мұғалімдердің «Ұстаз» платформасында өтініш беруі, қажетті құжаттарды рәсімдеуі және бағалау талаптарын сақтауы жөніндегі мәселелер талқыланды.

Семинарды «Өрлеу» БАҰО» АҚ Шымкент қаласы бойынша Кәсіби даму институты мен Шымкент қалалық Әдістемелік орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Zoom платформасы арқылы өткен кездесуге білім беру ұйымдарының 300 педагогі мен аттестаттауға жауапты мамандар қатысты.
Пилоттық жоба аясындағы аттестаттау рәсімі педагогтерден белгіленген талаптарды сақтап, құжаттарды дұрыс рәсімдеуді қажет етеді. Осыған байланысты семинарда өтініш беру тәртібі, қажетті құжаттар мен дәлелдемелерді дайындау жолдары, бағалау критерийлері және педагогтің кәсіби цифрлық бейініне қатысты мәселелер түсіндірілді.
Әдістемелік сұрақтарға Шымкент қалалық Әдістемелік орталығының маманы Роза Идирисбаева жауап берсе, платформаны пайдалануға қатысты техникалық мәселелер бойынша «Өрлеу – Шымкент» филиалының IT маманы Дильдар Нарметова түсініктеме берді.
Қатысушыларға «Ұстаз» платформасында жұмыс істеу, өтініш беру және құжаттарды рәсімдеу бойынша практикалық көмек көрсетілді. Сонымен қатар педагогтердің сұрақтары қаралып, туындауы мүмкін қиындықтарды шешу жолдары талқыланды.
Мұндай әдістемелік кездесулер педагогтерге аттестаттау талаптарын дұрыс түсінуге, құжаттарды рәсімдеу кезінде қателіктерді азайтуға және цифрлық платформаны тиімді пайдалануға көмектеседі.
Айта кетейік, Шымкент қаласының білім беру жүйесінде педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру мен аттестаттау рәсімдерін жетілдіру маңызды бағыттардың бірі саналады. 2026–2027 оқу жылында қалада 1 386 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Мұндай ауқымды жүйеде педагогтерге аттестаттау талаптарын түсіндіру, цифрлық платформамен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру аса қажет.