Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Қоғамды ізгілендірудегі Абай ілімі және жасанды интеллект» тақырыбында олимпиадасы өтті. Зияткерлік сайыста қатысушылар ұлттық құндылықтар, Абайдың философиялық мұрасы, ұлттық ойындар мен жасанды интеллект бағыттары бойынша білімдері мен қабілеттерін ортаға салды.

Бірнеше кезеңнен тұрған олимпиаданың мақсаты – Абай іліміндегі адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, жастардың ұлттық рухын нығайту және зияткерлік әлеуетін арттыру. Сонымен қатар жасанды интеллект дәуірінде жаңашыл ойлау қабілетін дамытуға басымдық берілді.
Сайыс қорытындысы бойынша Филология факультетінің «Ойөріс» командасы І орынға ие болып, 50 мың теңге көлеміндегі жүлдені иеленді. Командаға қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Сапарбаева жетекшілік етті.
ІІ орын Тарих және педагогика факультетінің «Жасын» командасына бұйырса, ІІІ орынды Дене шынықтыру және спорт факультетінің «Ізгі ой» командасы иеленді. Жүлдегерлерге тиісінше 35 мың теңге және үшінші орынға белгіленген марапат табысталды. Сондай-ақ олимпиадаға қатысқан командалар қаржылай сыйлықтар мен арнайы номинациялар бойынша марапаттарға ие болды.
Жеңімпаздарды университеттің стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Баршагүл Исабек құттықтап, марапаттарын табыстады.
Аталған жоба мемлекет және қоғам қайраткері, академик, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Оразалы Сәбденнің идеясымен ұйымдастырылды.
Олимпиада Абай мұрасын заманауи технологиялармен сабақтастыра отырып, жастардың адамгершілік ұстанымдарын нығайтуға, ұлттық танымын кеңейтуге және жаңа заман талаптарына сай ойлау қабілетін дамытуға бағытталды.