Халықаралық тәжірибе – шәкірт жетістігінің негізі

Индустриалды-техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Алексей Мирахимов үшін кәсіби шеберлік байқауларындағы жеңіс – үлкен жолдың бір бөлігі. Ол республикалық чемпионаттарда топ жарып, халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғады. Бүгінде сол тәжірибесін жас мамандарды даярлауға жұмсап, WorldSkills Kazakhstan – 2026 чемпионатына студент Сағадиев Нариманды әзірлеп жатыр.

Алексей Мирахимовтің кәсіби жетістіктері бірнеше жылдық еңбектің нәтижесін көрсетеді. 2023 жылы WorldSkills Kazakhstan республикалық чемпионатында «СББ станоктарындағы токарлық жұмыстар» құзыреттілігі бойынша І орын иеленсе, 2024 жылы «СББ станоктарындағы фрезерлік жұмыстар» бағыты бойынша да жеңімпаз атанды.

Оның тәжірибесі Қазақстан аумағындағы жарыстармен шектелмейді. 2024 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өткен EmiratesSkills чемпионатында токарлық жұмыстар бойынша ІІІ орынға ие болды. Сол жылы Францияның Лион қаласында ұйымдастырылған WorldSkills халықаралық чемпионатында командалық есепте ІІ орын алған Қазақстан құрамының сапында болды. Ал 2025 жылы Данияның Хернинг қаласында өткен EuroSkills чемпионатында фрезерлік жұмыстар құзыреттілігі бойынша бақ сынады.

Халықаралық жарыстарда жинақталған тәжірибе өндірістік оқыту шеберінің бүгінгі жұмысына негіз болып отыр. Өйткені техникалық мамандықта теорияны білу жеткіліксіз: сызбаны дұрыс оқу, станокты дәл баптау, өңдеу талаптарын сақтау және тапсырманы белгіленген уақыт ішінде орындау қажет. Мұның бәрі тұрақты жаттығу мен мұқият дайындықты талап етеді.

Қазір Алексей Мирахимов осы талаптарды студенттерге үйретіп, алдағы WorldSkills Kazakhstan – 2026 чемпионатына дайындық жүргізуде. «СББ станоктарындағы токарлық жұмыстар» құзыреттілігі бойынша бас сарапшы ретінде ол Сағадиев Нариманның теориялық білімін бекітіп, практикалық дағдыларын жетілдіруге көңіл бөліп отыр.

Кәсіби чемпионаттар студенттерге өз мүмкіндігін сынап, мамандыққа қойылатын талаптарды тереңірек түсінуге жол ашады. Ал тәжірибелі маманның жетекшілігі дайындықты жүйелі ұйымдастырып, күрделі тапсырмаларды орындау машығын қалыптастыруға көмектеседі.

Алексей Мирахимовтің бүгінгі қызметі – кәсіби жетістіктің жалғасын шәкірт тәрбиесімен байланыстыру. Халықаралық жарыстарда меңгерген тәжірибесін білім алушыларға беру арқылы ол болашақ өндіріс мамандарының қалыптасуына ықпал етіп келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *