Ақтау қаласында сервис және қызмет көрсету саласы бойынша «Цифрлық модельдеу» құзыреттілігінен республикалық кәсіби шеберлік конкурсы өтті. Кәсіби байқауға еліміздің 7 өңірінен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Қатысушылар кәсіби білімдері мен практикалық дағдыларын сарапқа салып, цифрлық модельдеу бағытындағы біліктіліктерін көрсетті.

Конкурс барысында педагогтердің заманауи технологияларды меңгеруі, оларды кәсіби қызметте қолдану шеберлігі сынға түсті. Байқау қатысушылары өздерінің теориялық білімін практикалық тапсырмалар арқылы көрсетіп, кәсіби даярлық деңгейін танытты.
Республикалық конкурстың қорытындысы бойынша Шымкент қаласының намысын қорғаған педагог жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, Шымкент Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің арнайы пән оқытушысы Алтынай Умербаева І орын иеленіп, алтын медальмен марапатталды.
Бұл нәтиже ұстаздың кәсіби біліктілігі мен үздіксіз ізденісінің, білім беру саласындағы тәжірибесі мен шеберлігінің жемісі. Сонымен қатар, педагогтің республикалық деңгейдегі байқауда үздік атануы Шымкент қаласының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби әлеуетін де көрсетеді.
Жалпы, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауда маңызды орын алады. Шымкент қаласында бұл бағытта 35 колледж жұмыс істейді. Бүгінде аталған оқу орындарында 49 185 студент білім алуда. Олар түрлі мамандықтар бойынша теориялық білім алып қана қоймай, кәсіби дағдыларын қалыптастырады.
2026 жылы қала колледждерін 14 598 түлек тәмамдаған. Оларды еңбек нарығына бейімдеу және жұмыспен қамту мақсатында 1 420 жұмыс беруші кәсіпорынмен жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Республикалық кәсіби шеберлік конкурсында Шымкенттік педагогтің алтын медаль иеленуі қаладағы техникалық және кәсіптік білім беру саласының жетістіктерінің бірі ретінде тіркелді.