Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Шымкент қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мерекелік әрі танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Оның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа азаттықтың тарихи маңызын түсіндіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ел тарихына деген құрметті қалыптастыру.

Осы бағытта Шымкенттегі Индустриялық-техникалық колледжде «Тәуелсіздік – ұлы мұра» атты тақырыптық кітап көрмесі өтті. Көрмеге Қазақстанның қалыптасу тарихы, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер, Желтоқсан оқиғасы, ұлттық рәміздер, ел бірлігі және мемлекет дамуына үлес қосқан көрнекті тұлғалар туралы кітаптар мен танымдық әдебиеттер қойылды.
Іс-шара барысында студенттерге еліміздің тәуелсіздікке жету жолындағы тарихи кезеңдер туралы мағлұмат берілді. Көрме материалдары арқылы білім алушылар халқымыздың азаттық жолындағы күресімен, егемендік жылдарындағы маңызды оқиғалармен және мемлекеттілікті нығайту бағытындағы жетістіктермен танысты.
Тәуелсіздік – халқымыздың сан ғасырлық арманы, ата-бабаларымыздың ұрпаққа аманат еткен ең қастерлі құндылығы. Сондықтан оның тарихын жас ұрпаққа таныту, елдік пен бірліктің қадірін түсіндіру білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі саналады.
Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аясындағы іс-шаралардың түпкі мәні – жастарға азаттықтың оңайлықпен келмегенін ұғындырып, ел тарихындағы тағылымды кезеңдерді насихаттау. Тарихын таныған ұрпақ қана тәуелсіздіктің бағасын біліп, оның баянды болуына үлес қоса алады.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 37 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы жұмыс істейді. Онда 49 185 студент білім алады. Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай қаладағы барлық колледжде тақырыптық кездесулер, танымдық сабақтар, көрмелер және өзге де тәрбиелік іс-шаралар өткізу жоспарланған.