Шымкентте жастардың цифрлық технологияларға қызығушылығын арттырып, инновациялық идеяларын қолдауға арналған «Цифрлық серпін – 2026» фестивалі өтті. Іс-шара аясында технологиялық әзірлемелер көрмесі, интеллектуалдық сайыс, пікірталас алаңы және стартап жобалар байқауы ұйымдастырылды.

Фестивальді Шымкент қаласының Жастар саясаты басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» өткізді. Оған IT саласына қызығушылық танытқан жастар, жас бағдарламашылар, өнертапқыштар мен стартап авторлары қатысты.
Фестиваль барысында Robot Zone, AI Zone, Creative және Startup бағыттары бойынша арнайы көрме алаңдары жұмыс істеді. Қатысушылар мұнда заманауи технологиялық әзірлемелер мен инновациялық жобаларын таныстырып, өзара тәжірибе алмасты.
Бағдарлама аясында жастар арасында «DIGITAL IQ» интеллектуалдық куизі өткізіліп, «AI TALKS» пікірталас алаңында жасанды интеллектінің даму үрдістері, оны қолдану мүмкіндіктері мен болашағы талқыланды.
Фестивальдің негізгі бөлімдерінің бірі – «DIGITAL PROJECT» стартап жобалар байқауы. Қатысушылар Smart City, EdTech және AI Solutions бағыттары бойынша әзірлеген жобаларын қазылар алқасына ұсынып, қорғады.
Байқау қорытындысы бойынша:
І орын – Рамазан Аяп;
ІІ орын – Арман Аптарбек;
ІІІ орын – Марат Маханбеталиев.
Фестиваль жастардың цифрлық технологиялар саласындағы білімін жетілдіруге, тың идеяларын ортаға салып, инновациялық жобаларын таныстыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар жас өнертапқыштар мен IT мамандарының өзара байланысын нығайтуға және жаңа бастамаларға жол ашуға бағытталды.
Фестиваль жастардың цифрлық технологияларға деген қызығушылығы артып, жаңа идеяларды нақты жобаларға айналдыруға ұмтылысы күшейіп келе жатқанын көрсетті. Мұндай бастамалар жас таланттарды қолдап қана қоймай, қаланың инновациялық әлеуетін дамытуға да серпін береді.