Алексей Цой Шымкенттегі білім беру ұйымдарының жұмысымен танысты

Шымкент қаласына Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ол қаладағы бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, олардың материалдық-техникалық базасымен, оқу-тәрбие үдерісімен және цифрлық технологияларды енгізу тәжірибесімен танысты.

Алдымен Алексей Цой №2 Оқушылар сарайына барды. Мұнда ол мекеменің тыныс-тіршілігін көріп, үйірмелердің жұмысымен және балалардың қосымша білім алуына жасалған жағдайлармен танысты.

Бүгінде Оқушылар сарайы ғылыми-техникалық, шығармашылық және спорттық бағыттарды қамтитын заманауи қосымша білім беру орталығына айналған. Мұнда робототехника, бағдарламалау, 3D модельдеу, биотехнология, журналистика үйірмелерімен қатар түрлі спорт секциялары жұмыс істейді. Қазіргі таңда 50-ден астам бағыт бойынша 4 900-ге жуық бала білім алады. Бұл оқушылардың қабілетін шыңдап, шығармашылық және зерттеушілік әлеуетін дамытуға, практикалық дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді.

Бұдан кейін Президент кеңесшісі А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясына барды. 1924 жылы құрылған бұл білім ордасы – Шымкент қаласындағы тарихы терең оқу орындарының бірі. 1998 жылы гимназия мәртебесін алған мектеп ғасырдан астам уақыт ішінде бірнеше буын түлекті тәрбиелеп шығарды.

Мұнда Алексей Цой білім беру ұйымдарын басқаруды жетілдіруге және оқу үдерісінің тиімділігін арттыруға арналған Qarqyn цифрлық платформасының мүмкіндіктерімен танысты. Сондай-ақ қала мектептерінде цифрлық технологияларды енгізу және оларды білім беру тәжірибесінде қолдану мәселелері талқыланды.

Алексей Цойдың айтуынша, білім беру саласын цифрландыру – Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттардың бірі. Сондықтан заманауи технологияларды енгізумен қатар, оқушылар мен педагогтердің цифрлық құзыреттерін дамыту да маңызды.

«Цифрландыру тек жаңа технологияларды енгізумен шектелмеуі тиіс. Ол білім беру сапасын арттырудың, мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін азайтудың, сондай-ақ әрбір бала үшін қауіпсіз әрі тең мүмкіндіктер қалыптастырудың нақты құралына айналуы қажет», – деді Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі.

Жұмыс сапары аясында Алексей Цой №1 арнайы мектеп-интернатында да болды. Мұнда есту қабілеті бұзылған балаларды оқыту, тәрбиелеу және қолдау көрсету бағытындағы жұмыстармен танысты.

Шымкент қаласының Білім басқармасына қарасты білім беру ұйымы 240 орынға есептелген. Мектеп-интернатта балалардың негізгі және жалпы орта білім алуына, сондай-ақ тұруына қажетті жағдайлар қарастырылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *