ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мегаполиске жұмыс сапарымен келді. Жұмыс сапары аясында Шымкент қаласындағы қалалық перзентхананың құрылыс жұмысымен танысты.
Ағымдағы жылы перзентхананың 6 корпусында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі уақытта 2 корпустың құрылысы толық аяқталыпты. Бас мердігер компания «Строи.ком Прогресс» ЖШС-гі ғимаратты ағымдағы жылдың қазан айына дейін аяқтап, пайдалануға тапсыруды көздеп отыр.
Жөндеу жұмыстарынан кейін ғимараттың материалдық-техникалық жағдайы 100 пайыз жаңартылады. Ана мен балаға сапалы медициналық көмек көрсету мүмкіндігі артады. Босану үйінде жылына орташа есеппен 9 мың босандыру болса, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ол көрсеткіш 10 мыңнан асады деп күтілуде.
Қазіргі таңда жүкті әйелдер қалалық перзентхананың ескі ғимаратында қажетті медициналық көмек алуда. Жөндеу жұмыстары аяқталысымен жаңа бөлімшелерге көшіріледі.
Айта кетейік, бұл жұмыстарға жергілікті бюджет есебінен 1,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Бүгінге дейін қаржының 50 пайызы игерілген екен.
Bozyq.kz