Бүгін республика көлемінде «Біз біргеміз» онлайн-форумы және коронавирусқа қарсы күресте қажырлы еңбек етіп келе жатқан азаматтарға «Халық алғысы» медалімен марапаттау рәсімі өткізілді. Ел рухын көтеріп, халыққа қанат бітірген іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, мазмұнды ой қозғады.
«Бүгінгі форумда коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Осыған орай мен «Халық алғысы» атты арнайы медальді тапсыруды ұйғардым. Бұл осындай қиын-қыстау уақытта аянбай еңбек еткен азаматтарға арналған. Бүгін «BIZ BIRGEMIZ» жалпыұлттық онлайн форумы аясында осы медальмен бір топ азаматты марапаттаймыз. Барша Қазақстан азаматына амандық, игілік тілеймін. Біз міндетті түрде жеңеміз. Себебі, біз біргеміз!», – деді Мемлекет басшысы. Онлайн-форум аясында еліміздің барлық өңірлерінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құқық қорғау саласының өкілдері, меценаттар, журналистер, волонтерлер және жалпы пандемиямен күресте ерекше көзге түскен барша саланың өкілдері марапатталды. Халық алғысын арқалағандардың ішінде біздің арна басшысының орынбасары Гүлсара Қуанышбаева да бар. Онлайн-форумда өңірлерден азаматтар өз ойларын білдіріп, қауіпті індетті бірлікпен, қатаң тәртіппен жеңуге болатынын айтты. Тұтас Қазақстан біріксе, бұл қиыншылық та артта қалатыны анық. Біз біргеміз!
Bozuq.kz