ҚАУІПТІ ІНДЕТТІ САҚ БОЛҒАНДА БІРГЕ ЖЕҢЕМІЗ

Еліміздің Президенті Қ. Тоқаев әлемді алаңдатқан пандемияға байланысты арнайы үндеу жасады.

Президент атап өткендей, қазір әлемдегі пандемияға байланысты қалыптасқан жағдай күрделене түсуде. Коронавирустың таралуы бәсеңдемей отыр. Кейбір елдерде бұл індет қайтадан ушығып бара жатыр. Әлем бойынша осы вирусты жұқтырғандардың саны шамамен 12 миллионға жетті, соның салдарынан 500 мыңнан астам адам қайтыс болды. Сол себепті, бірқатар елдерде карантин тәртібі қайта күшейтіліп, әуе, көлік қатынасы қайтадан шектелді.

Мемлекеттік комиссияның шешімімен 5 шілдеден бастап елімізде екі апталық мерзімге карантин шаралары енгізілді. Бұл аса қажетті шешім болды.

Дегенмен, кейбір азаматтар карантиннің маңыздылығын түсінбей, мамандар берген нұсқаулықтарға әлі де құлақ аспай жүр. Алайда, төрткүл дүниеге қауіп төндірген жұқпалы дертке немқұрайдылық танытып, отбасымыздың, ағайын-туыстың, бала-шағаның өміріне қауіп төндірмеуіміз керек. Күн-түн демей індетпен күресіп, дерттің таралмауы үшін тер төгіп жүрген медицина, құқыққорғау органдары, әскери құрылым күштерінің және басқа да сала қызметкерлерінің жұмысына қолдау көрсетіп, қиын-қыстау кезеңде бар жігеріміз мен ынтамызды ортақ мақсатқа бағыттауға тиіспіз.

Осы қаланың тұрғыны ретінде айтарым, біз үлкен мақсат жолында жұдырықтай жұмылсақ қана ұлы күшке айналамыз. Сондықтан сын сағатта «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» кез туды. Сақтық шараларын әрдайым назарда ұстасақ, індетті жеңіп шығамыз.

Байдулла ҚОНЫСБЕК,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *