Шымкентте коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастардың 85 пайызы емделіп шыққан. Бұл жөнінде қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Темірхан Варзилов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте мәлімдеді.
«Нақты сандарға сенсек инфекция жұқтырған 4379 науқас дертінен айыққан. Олардың басым бөлігі егде жастағы азаматтар. Қазіргі таңда коронавирус инфекциясына шалдыққан 732 науқас ем алып жатыр. Оның ішінде 18 науқас стационарда емін жалғастыруда» — дейді Темірхан Варзилов.
24 тамыздағы жағдай бойынша қалада коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастар саны – 5165, оның ішінде 2635 — симптомды, ал, 2530 — симптомсыз.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдарда дәрілік заттардың 2 айлық қоры бар көрінеді. Нақтырақ айтқанда, 140 000 қорапта ыстықты түсіретін және 210 000 қорапта вирусқа қарсы препараттар бар. Сондай-ақ 1 900 000 антибиотиктер, 25 000 қорапта антикогулянттар, 730 000 қорапта «С» витамині бар.
«Бүгінде стационардағы төсек-орындардың 90 пайызы босады. Қолайсыз эпидемиологиялық ахуал кезінде COVID-19 инфекциясымен күреске медициналық ұйымдарда 26 провизорлық стационар жұмыс істеді»,-деп атап өтті Темірхан Варзилов.