Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, бүгінгі таңда елімізде 9 мыңнан астам әйел бедеулік диагнозымен есепте тұр. Олардың арасында Шымкенттіктер де бар. Қаражат тапшылығынан маманға жүгіне алмай жүргендер жетерлік. Ажырасу фактілерінің де басым бөлігі осы себептен көрінеді. Ал, отбасын сақтап қалғысы келетіндер енді Президент өз жолдауында мәлімдеген «Аңсаған сәби» бағдарламасының тезірек іске асуын күтіп жүр.
Қазіргі таңда, тегін ұрықтандыруға тек бір мың квота беріледі. Осы уақытқа дейін 22 мың сәби пробирка арқылы жарық көріпті. Орталық мамандарының айтуынша, Қазақстанда бедеулігі бар адамдардың тізімі жасалуы қажет. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігінің кейбір бұрынғы бұйрықтары мен хаттамаларына өзгерістер енгізілуі тиіс екен.